Түркістан облысында 8 жастағы бала ұялы телефон жөндейді

Түркістан облысында бар-жоғы 8 жастағы бала ұялы телефондарды өзі жөндей алады. Әкесінің шеберханасында еңбекке ерте араласқан Айдын бүгінде кез келген ақауды өзі анықтап, телефонды толық жөндеуді меңгерген. Қазір тұрғындар ұялы құрылғыларын жас шеберге арнайы әкеліп, сеніп тапсырады.
Айдын ұялы телефонды толық бұзып, қайта құрастыра алады. 8 жастағы бала өткен жазда әкесіне қолғабыс етіп бастаған. Бүгінде күрделі ақауды өз бетімен анықтап, жөндеуден өткізеді. Еңбексүйгіш әрі зерек бала бүгінде ауылдың кішкентай шеберіне айналған.

АЙДЫН БАҚЫТЖАН, ЖАС ШЕБЕР:
-Экранын ауыстырған, артындағы батарейіка деген нәрсені ауыстырған ұнайды. Сосын крышкасын ауыстырғанда көрінген кезде қиын болады, бірақ істеген кезде оңай болады. Қорқынышты лақтырып тастап, сенемін да өзіме, сосын қорықпай істеймін.

Бекжан Өтенов кейде ұлының ептілігіне таңғалатынын жасырмайды. «Тіпті кішкентай шебер жақында мені оза жөнелетін сияқты», — дейді. «Айдын әр күні жаңа нәрсені үйреніп, өз шеберлігін шыңдап келеді, сол себепті қиындығына қарамай кей жұмысты әдейі тапсырамын»,- дейді әкесі.

Расында да 8 жасар шеберді арнайы іздеп келетіндер аз емес. Тұрғындар Айдынды жас демей, ұялы құрылғыларын сеніп тапсырады. Және әрдайым көңілдерінен шығатынын айтады.

Айдынның техникаға деген қызығушылығын байқаған ата-анасы оны қолдап, дамуына мүмкіндік жасап келеді. Дегенмен, қазір төртінші сынып оқитын жас шебер, әкесінің шеберханасына тек демалыс күндері келіп, қолғабыс етеді.
———————————————