Күмәнді қаржы операцияларын бақылайтын орталық құрылмақ

Қазақстанда кірістерді заңдастыру мен жылыстатуға қарсы жаңа орталық құрылады. Қылмыстық жолмен алынған кірісті заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға тосқауыл қоятын заң бүгін Сенатта қабылданды. Жаңа орталық ТМД елдерінің қаржы барлау бөлімшелерін біріктіретін бірыңғай ақпараттық жүйе ретінде жұмыс істемек. Бұл жүйе күмәнді қаржылық операцияларды ерте анықтап, тәуекелдің алдын алуға мүмкіндік береді. Қаржы мониторингі агенттігінің дерегінше, соңғы уақытта 15 ұйымдасқан қылмыстық топтың ісі әшкереленіп, 20 заңсыз криптоайырбастау пункті жабылған. Сонымен қатар 9,7 миллион доллар көлеміндегі виртуалды актив бұғатталып, 45 қаржы пирамидасының жұмысы тоқтатылды. Сарапшылардың айтуынша, жаңа орталықтың құрылуы – аймақтағы қаржы қауіпсіздігін күшейтудің маңызды қадамы.
МӘУЛЕН ӘШІМБАЕВ – ПАРЛАМЕНТ СЕНАТЫНЫҢ СПИКЕРІ:
— Қаралған Келісім ТМД елдері шеңберінде қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылды жетілдіру үшін әзірленді. Осы мақсатпен арнайы Халықаралық орталық құру көзделген. Бұл Орталық қауіп-қатерлерді бағалауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ қаржылық барлау бөлімшелері арасында қорғалған ақпараттық жүйе арқылы ақпарат алмасуға жол ашады.
———————————————