Ақтауда жас сарбаздар теңіз флотында қызметке кіріседі

Ақтаудағы әскери-теңіз күштері жаңа сарбаздармен толығып жатыр. Елуге жуық жігіт жас матрос курсын өтіп, жақын күндері жауынгерлік кемелерде қызметке кіріседі. Біздің түсіру тобы №21/814 әскери бөлімінде болып, теңізшілердің қызметімен танысты.
Каспий жағалауы бүгін тыныш. Соны пайдаланып, әскери-теңіз күштері журналистерге кемелерін, теңіз жаяу әскері мен жағалау күзетінің қызметін көрсетті. Әуелі пирсте сүңгуірлердің әскери жабдықтары таныстырылды. Теңіз арнайы жасағы құрлықтағы жауынгерлер істейтіннің бәрін жасай алады, бірақ олар оны судың астында орындайды. Мұнда дыбыссыз аквалангтар мен ауыр сүңгуір дулығалар бар. Мысалы, мына шлемнің салмағы – 15 келі, ауа арнайы шланг арқылы беріледі.

Келесі аялдама – жауынгерлік кеме. Бұл – «Маңғыстау» зымыран-артиллериялық кемесі. Экипажды Ермек Оспанов басқарады. Оның айтуынша, Ақтауда әскери-теңіз күштерінің түрлі кемесінен құралған тұтас бір дивизион орналасқан. Бұл кеме Каспий теңізінің кеңістігін күзетеді. Заманауи байланыс құралдарымен, навигациялық және штурмандық жабдықтармен, қару-жарақпен қамтамасыз етілген. Кеме қатты дауылға төтеп бере алады, мұнда әуе және су үсті шабуылдарынан қорғануға, жағалаудағы нысандарды атқылауға арналған артиллериялық қондырғы бар. Біз барған кезде кемеде қатардағы сарбаздар болған жоқ. Олар жақында ғана әскери борышын өтеп болып, ауылына қайтқан. Ал жаңадан келген 50 сарбаз арнайы дайындықтан өтпейінше кемеге шықпайды.

ЕРМЕК ОСПАНОВ, «МАҢҒЫСТАУ» ЗЫМЫРАН-АРТИЛЛЕРИЯЛЫҚ КЕМЕСІНІҢ КОМАНДИРІ:
— Жас сарбаздар курсын өтіп жатыр. Содан кейін оларды кемеге қабылдаймыз. Біз біліміне, денсаулықтарына, моралды-психикалық жай-күйіне қараймыз, өйткені теңізге шыққан кезде біреулерде фобия болуы мүмкін. Қорқынышы жоқ, өзіне сенімді, тапсырмаларды батылдықпен орындай алатын балаларды таңдаймыз.

Командирдің айтуынша, басты міндет – қойылған тапсырманы абыроймен орындау. Бірақ жоғары нәтижеге жету үшін жеке құраммен дұрыс қарым-қатынас орната білу қажет. Әсіресе жас сарбаздарға ерекше көзқарас керек. Теңізшілердің өз дәстүрі, өз тілі мен әдебі бар. Мысалы, кают-компанияда командирдің орнына отыруға болмайды.

ЕРМЕК ОСПАНОВ, «МАҢҒЫСТАУ» ЗЫМЫРАН-АРТИЛЛЕРИЯЛЫҚ КЕМЕСІНІҢ КОМАНДИРІ:
— Кеме мен теңізге бірінші шыққан адамның теңіз суын ішу рәсімі бар. Екінші рәсімді айта кетейін, егер кемедегі экипаждың арасында бір азаматтың қызы дүниеге келген жағдайда соны кеме сыртына лақтыру деген бар. Ол жыл мезгіліне қарамайды. Қыс болсын, жаз болсын, көктем болсын, күз болсын.

Кемедегі қоңырау «Рында» деп аталады. Бұрын ол сағаттың орнына қолданылған. Яғни әр сағат сайын соғылып, теңізшілерге уақытты білдіртіп тұрған. Қазір қоңырау – кеменің сәні. Бірақ кей кезде пайдасы да бар.

АБЫЛАЙХАН ИСАТАЙ – КАПИТАН-ЛЕЙТЕНАНТ:
— Мысалы, тұман басталған кезде, көру шарттары шектеулі кезде, өзіміздің электр жүйелеріміз жұмыс істемеген кезде осылай қолмен соғылады.

Теңіздегі қызмет – жай ғана жұмыс емес, ол өмір салты. Бұған теңізші де, оның отбасы да үйренуі керек. Себебі экипаж екі апталап жауынгерлік кезекшілікте теңізде жүреді. Сонда да бұл әскерде қызмет еткен сарбаздар бір жылдық уақыты біткеннен кейін келісімшартпен жұмыс істеуге қалғысы келеді. Мысалы, биыл 11 матрос әскери-теңіз күштерінде қызметін жалғастыруға өтініш берген.
———————————————