Биыл СҚО-да 24 млн ағаш отырғызылады

Солтүстік Қазақстан облысында 2027 жылдың соңына дейін 122 миллион түп ағаш егу жоспарланған. Соның 24 миллионы биыл отырғызылады. Осылайша Президент тапсырмасымен өңірде орман қоры ұлғайтылып, жасыл аймақ көлемі арта түспек. Экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған шараға жастармен бірге аға буын өкілдері де атсалысып жатыр.
Ағаш егу науқаны барлық ауданда жүріп жатыр. Тұрғындарда белсенділік танытуда. Шаруалар негізінен көктем-күз айларында атқарылады. Айта кету керек, Президент 2027 жылдың соңына дейін елімізде 2 миллиард түп ағаш отырғызу міндетін қойған болатын. Бұл іс сол тапсырма аясында жүзеге асуда.

Сала мамандарының айтуынша, ағаш өсіру оңай емес. Мәселен, мына көшеттердің ну орманға айналуы үшін кем дегенде жарты ғасырдан астам уақыт қажет.

НАТАЛЬЯ ЕВСЮКОВА, ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ ИНЖЕНЕРІ:
— Қайың ағашының тұқымын суара беру керек. Өйткені ол аса көп күтімді қажет етеді. Яғни бұлар кішкентай балаң секілді. Алғашқы үш жыл жақсылап қарайсың. Артынша жерсініп кетсе, жақсы өседі.

Қазір аймақта көбіне қарағай және қайың егілуде. Науқан қысқа дейін жалғасады. Биыл үш жарым мың гектар алқап көгалдандырылады. Осылайша 2027 жылдың соңына дейін өңірде 122 миллион түп ағаш отырғызу жоспарланған.

МАРИНА ПОДОКСЁНОВА, ТАБИҒАТ ПАЙДАЛАНУДЫ РЕТТЕУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:
— Облыста 2021-2027 жылдарға арналған кешенді жоспар бойынша орман қорын 20 мың гектарға ұлғайту керек. Биыл жергілікті бюджеттен 560 миллион теңге қаржы бөлінді. Бұл ақшаға 10 милллионға жуық түп көшет сатып алынды. Қалғанын өзіміз өсірдік.

Айта кету керек, бұл іспен өңірде 12 мемлекеттік мекеме айналысады. Ал жас көшеттер 48 тәлімбақта өсіріледі. Келер жылы да теріскейде 24 миллионнан астам ағаш егу жоспарланып отыр.
———————————————