«Әр тал – аманат»: Мәуленовтер әулеті орманшылықты ата кәсіпке айналдырған

«Біз үшін әрбір қарағай – қазына, әр түп тал – атадан қалған аманат», – дейді ағайынды Мәуленовтер. Абай облысы Бозтал ауылында тұратын бұл әулет – орманшылықты ата кәсіп еткен династия. Бүгінде Мәуленовтердің төртінші буыны табиғатты қорғау ісін адал жалғастырып келеді. Отбасының әр мүшесі жайқалған жасыл желекті көздің қарашығындай сақтап, елге еңбегімен танылған.
Бесқарағай ауданы Бозтал ауылында тұратын Мәуленовтер тоғыз ағайынды. Солардың жетеуі – кәсіби орманшы. Әулеттің келіндері де осы саланы меңгерген. Үйдің үлкені Бекмұхамбет Мәуленов – бүгінде орман шаруашылығы филиалының басшысы. Інілерін төңірегіне топтастырып, ауыл тіршілігінің жандануына себеп болып отыр. Бекмұхамбет Мәуленов орманшы болып еңбек етіп жүргеніне 36 жылдан асқан. Осы жылдар ішінде талай сынақты еңсеріп, талай орман өртін ауыздықтаған. Табиғатты қорғаудағы еңбегі ескеріліп, Мемлекет басшысының қолынан «Ерен еңбегі үшін» медалін алған.

БЕКМҰХАМЕТ МӘУЛЕНОВ, ОРМАНШЫ:
— Әкемнің әкесі де осы орман шаруашылығында еңбек еткен. Орманшылық – қанға сіңген кәсіп. Әскерден келген соң осы салаға біржола бет бұрдым. Алғашқы жылдары техника жетіспеді, өрт сөндіретін жабдықтар да болмады. Соған қарамастан, орманды сақтап қалу үшін бар күшімізді салдық.

Қайрат Мәуленов та осы әулеттің орман ісіне еңбегі сіңген азаматтың бірі. Кәсіпке келгеніне 40 жылдан асқан. Қарапайым жұмысшыдан бастап басшылық қызметке дейін көтерілген. Өңірдегі тұқымбақтардың алғашқысын құрып, көшетті орман алқабына отырғызу ісін жолға қойған.

ҚАЙРАТ МӘУЛЕНОВ, ОРМАНДЫ ҚОРҒАУ ИНСПЕКТОРЫ:
— Күзде қарағай бүршігін жинап, кептіреміз. Көктемде қар кеткен соң тұқым себеміз. Кейін өсіп шыққан жас шыбықтарды орманға апарып егеміз. Бәрі орманды қалпына келтіру үшін жасалады.

Бүгінде мемлекет орманшылардың еңбегін бағалап, жағдай жасап отыр. Қажетті техника мен құрал-жабдықтар, лайықты еңбекақы бар. Ең бастысы – табиғаттың берген байлығын сақтау, келер ұрпаққа аман жеткізу.

АЙТМҰХАМЕТ МӘУЛЕНОВ, ОРМАНДЫ ҚОРҒАУ ИНСПЕКТОРЫ:
— Суды да, ауаны да тазартып тұрған – осы орман. Қазір климаттың өзгеріп бара жатқанын байқаймыз. Көп жерде орман өртеніп, құрғақшылық жиілеп кетті. Сондықтан орманды қорғау – біздің басты борышымыз. Бұл – болашақ ұрпаққа қалатын аманат.

Мәуленовтер әулетінің басты арманы – табиғатқа жанашыр жаңа буынды тәрбиелеу. Әр түп талға қамқор болып, атадан қалған аманатқа адал болу – орманшылар династиясының өмірлік ұстанымы.
———————————————