Алматы облысы Ақкөл ауылында 5 жылдан бері бірде-бір қылмыс тіркелмеген

Алматы облысының Ақкөл ауылында 5 жылдан бері бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Өйткені ауыл ақсақалдары мен жастар және жергілікті полиция қызметкерлерінің спирттік ішімдіктен бас тарту туралы шешім қабылдағанына бірнеше жылдың жүзі болған. Іле өзенінің оң жағалауында орналасқан шалғай ауылдағы дүкендерде алкоголь өнімдері сатылмайды.

Ақкөл ауылында үш дүкен болса, соның бірде-бірінде спирттік ішімдік сатылмайды. Ал мына дүкенде тіпті темекі де жоқ. Дүкен қожайыны арақ-шарап пен темекінің саудасын қыздырмай-ақ табыс табуға болатынын айтып отыр.

ЛӘЗЗАТ ӘЛСЕЙІТОВА, САТУШЫ:
– Біздікі азық-түлік дүкені. Темекі, ішімдік сатылмайды. Ішімдік ішпеу – жастарға өнеге. Біздің ауылымыз тыныш. Балаларымыз да тәртіпті.

ӘЛІШЕР АЙДЫН, АҚКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
– Бұл барлық жағынан 100% дұрыс деп санаймын. Ауыл адамдары да, ауыл жастары да спортқа жақын. Ішімдіктен, темекіден жастарымыз аулақ.

Ішімдіктен бас тартқан Ақкөл ауылында бес жылдан бері бір де бір қылмыс тіркелмеген. Бұл «Арақсыз ауыл» жобасының шалғай елді мекенде сәтті жүзеге асып жатқанын көрсетсе керек.
———————————————