Астаналықтардың 40%-ы спортпен шұғылданады

Астаналықтардың 40 пайызы спортпен айналысады. Жаз бойы қала ауласында тегін жаттығу алаңдары ұйымдастырылып, мыңдаған тұрғын белсенді өмір салтын таңдаған.
Ұлттық статистика бюросы қазақстандықтар спортпен орта есеппен аптасына екі рет айналысады дерек келтірді. Бұл көрсеткіш әр өңірде әртүрлі. Айталық, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Алматы облысы тұрғындары қимыл-қозғалысқа өте ширақ екен. Ал астаналық зейнеткер Қуатбек Сәрсенбаевтың бір күні жаттығусыз өтпейді.

ҚУАТБЕК СӘРСЕНБАЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Мен зейнеткермін. Сағат 9-10-да шығамын, түске дейін спортпен шұғылданамын. Жастар көп келеді, спортпен шұғылданады. Мен соған ризамын.

Салауатты өмір салтына бет бұру байқалады. Алайда спорт залының қызмет ақысы да аспандап тұр. Биыл жаттығу залына абонемент бағасы 9,5%, ал оқушыларға арналған спорт үйірмелеріне қатысу 11,5% қымбаттады. Әсіресе Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Түркістан облысында қызмет көрсету, жалға беру құны өскен. Ал елордада бұқаралық спортты дамытуға арналған түрлі жоба жүзеге асып жатыр. Соның бірі – «Аула фит» бағдарламасы. Жаз бойы 30 аулада тегін спорттық алаң ұйымдастырылған. Оған 5 мыңнан астам тұрғын қатысқан.
Сала мамандарының айтуынша, елорда тұрғындарының 40 пайызға жуығы спортпен айналысады. Көпшілігі түскі үзіліс уақытын тиімді пайдаланып, ашық спорт алаңдарына келіп жаттығады.

ДАРХАН ЕРҒАЛИЕВ – ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Жұмыс уақытында, түскі үзілісте осында келіп күн сайын дайындаламын. Кешкі уақытта да басқа жерге барып дайындаламын. Бұл, бір жағынан, тегін. Екіншіден, таза ауада спортпен шұғылданған денсаулыққа жақсы.
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Біз қазір Астанадағы ашық спорт алаңдарының біріндеміз. Мұнда спортпен шұғылданып жатқан тұрғындар көп. Мамандардың айтуынша, күнделікті бірнеше минуттық жаттығудың өзі адам денсаулығына зор пайдасын тигізеді. Мәселен, мен жасап жатқан мына қарапайым жаттығу аяқ бұлшықеттерін шынықтыруға арналған.

Биыл Астанада 3 жаңа спорт нысаны халық игілігіне тапсырылды. Жыл соңына дейін тағы екі кешен пайдалануға берілмек.
———————————————