Соңғы 5 жылда құтқарушыларымыз 225 мыңға жуық адамның өмірін сақтап қалды. Шетелдегі гуманитарлық миссияларға қатысып, кәсіби деңгейі жоғары, озық маман екенін дәлелдеді. Сол арқылы еліміздің халықаралық беделін арттыруға атсалысты. «Құтқарушы еліміздегі ең беделді мамандықтың біріне айналуға тиіс. Осы ретте азаматтық қорғау саласын күшейте түсуге баса мән беріледі», — деді Президент Ақордада өткен салтанатты жиында. Мемлекет басшысы құтқарушыларды кәсіби мерекесімен құттықтап, бір топ азаматқа мемлекеттік наградалар тапсырды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
– Бүгінде азаматтық қорғау саласының қызметкерлері өз міндетін мінсіз атқарып келеді. Олар сын сағатта жанқиярлық көрсетуге дайын тұрады. Тіпті осы жолда құрбан болған ерлеріміз аз емес. Өткен отыз жылда 72 құтқарушы ерлікпен қаза тапты. Біз батырларымыздың есімін ешқашан ұмытпаймыз. Олар отаншыл және антқа адал болудың тамаша үлгісін көрсетті. Сондықтан өмірін құтқару ісіне арнаған ерлердің есімдерін тарихымызда мәңгі сақтау үшін тиісті іс-әрекеттерді дер кезінде қолдануымыз керек. Нағыз ерлік жасаған батыл азаматтарымыздың рухына тағзым ете отырып, олардың есімдерін ел ішінде ұлықтай беруіміз қажет.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.