Халыққа жеңілдік, бизнеске қолдау! Президенттің тапсырмасымен Үкімет шұғыл шешім қабылдады. Атап айтқанда, жанармай бағасы өспейді. Коммуналдық тарифтер көтерілмейді. Осылайша, жұрттың жағдайын жақсартып, экономикалық тұрақтылықты сақтау көзделіп отыр.
Айтылды – орындалды. Жанармай бағасы өспейді. Қымбатшылықтың салқынын сезінген қараша халықтың қамы үшін Үкімет осындай шешім қабылдады. Инфляция деңгейі тұрақтанғанға дейін АИ-92 маркалы бензин мен дизель отынының құнын көтеруге мораторий енгізілді.
СҰҢҒАТ ЕСІМХАНОВ, ЭНЕРГЕТИКА ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
— Бүгінгі күннен бастап тиісті мораторий жарияланады. Бұл бағыттағы барлық өсім тоқталылады.
Сонымен қатар электр энергиясы мен жылу саласындағы тариф те көтерілмейді. Бұл шешім 2026 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін күшінде болады.
АСАН ДАРБАЕВ, ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
— Біз электрмен, жылумен жабдықтау, сумен, кәріз және газбен жабдықтау сияқты коммуналдық қызметтер туралы айтып отырмыз. Бұл – өмірлік маңызды салалар. Осы орайда біз аталған қызметтердің тиісті сапасын, барлық инвестициялық іс-шараның орындалуын және ТКШ инфрақұрылымының тұрақты, үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеміз.
Үкіметтің бағамен күресі тек тарифпен шектелмейді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің қымбаттауына жол бермеу үшін тұрақтандыру қорларына бөлінетін қаржы екі есе артпақ. Делдалдық тізбектер тексеріліп, бағаны негізсіз көтергендерге шара қолданылады.
АРМАН ШАҚҚАЛИЕВ, САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРІ:
— Әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының бағасын әрі қарай тұрақтандыру үшін берілетін қаржыны екі есе көбейтіп, тұрақтандыру қорларын жұмысын күшейту жоспары бар. Аймақтағы комиссиялар негізсіз делдалдарды анықтап, бағаны көтеріп жіберетіндердің жою жұмысына ерекше назар аударамыз. Ауыл шаруашылық министрлігімен бірлесіп, ай сайын өңірлерге тікелей сиыр етін жеткізуді ұйымдастырылуда. Сонымен қатар, отандық өндірушілер және сауда желілерімен бірге әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша өндіруші мен бөлшек сауда бағаларын бекіту туралы меморандумдар жасалады.
Осылайша, Үкімет Президент тапсырмасына сәйкес макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге және экономикалық реформалардың теріс салдарын барынша азайтуға күш салып жатыр.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.