Жеңілдетілген ипотека көлемі екі есе ұлғайтылмақ

Баспана алуды жоспарлап жүргендерге жаңа мүмкіндік! Базалық мөлшерлеменің өсуі елдегі ипотекалық нарыққа әсерін тигізбей қоймады. Екінші деңгейлі банк тарапынан несие беру белсенділігі төмендеді. Осыған орай Үкімет тұрғын үй құрылысы жинақ жүйесін қолдау шараларын қолға алды. Халыққа берілетін жеңілдетілген ипотека көлемі екі есе ұлғайтылады. Бұл «Наурыз» және «Наурыз жұмыскер» бағдарламалары арқылы жүзеге асырылады. Пайыздық мөлшерлемесі төмен, шарттары тиімді. Сонымен қатар «Әскери баспана» бағдарламасы да қайта іске қосылады. Құрылыс компаниялармен офтейк-келісімшарт жасалып, үш жылға дейін бағаны көтермеу міндеттеледі. Сарапшылардың пікірінше, қазіргі жағдайда бұл – ең тиімді әрі уақытылы қабылданған шешім.
БАУЫРЖАН ЫСҚАҚ, САРАПШЫ:
— Халықтың әлеуметтік жағдайына оң әсерін тигізеді. Екіншіден, нарыққа жеңілдетілген несиенің кіруі, мемлекеттің субсидия арқылы кіруі құрылыс компанияларының да еңсесін көтеруге, олардың да қызметтерінің жандануына әкеледі. Болашақта базалық ставканы түсірудің нәтижесінде екінші деңгейлі банктердің несиелендіруге белсенді қатысуына мүмкіндік беру керек. Екінші кезекте азаматтардың төлем қабілеттіліктерін арттыру керек.
———————————————