Енді қазақстандықтар көлікті лизингке ала алады

Енді қазақстандықтар көлікті тек несиеге емес, лизингке де ала алады. Жеке тұлғаларға арналған лизинг жүйесі іске қосылатыны жайлы Өнеркәсіп және құрылыс министрі жариялады. Бірақ Ерсайын Нағаспаев нақты уақыты мен шарттарын айтқан жоқ. Оны Қазақстан автокөлік одағынан сұрап білген тілшіміз баяндайды.
Жеке тұлғаларға көлікті лизингке беру керек деген бастаманы бұған дейін Мәжіліс депутаттары көтерген. Бірақ аяқсыз қалды. Енді бұл механизмді халыққа Үкімет ұсынып отыр.

ЕРСАЙЫН НАҒАСПАЕВ, ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС МИНИСТРІ:
— Отандық автоөндірушілер мен екінші деңгейлі банктер халықтың жеңіл автокөлік сатып алуын қаржыландыру жөніндегі бағдарламаларын одан әрі жалғастыру, бұдан бөлек халықаралық тәжірибеге сәйкес, жеке тұлғалар үшін жеңіл автокөлік сатып алуға лизинг тетігі енгізілуде. Лизинг – автокөлікті меншікке сатып алу құқығы мен ұзақ мерзімді жалдау.

Министр лизинг жүйесі қалай жұмыс істейтінін түсіндірген жоқ. Лизинг шарттарын Қазақстан автокөлік одағы мамандары айтты. Одақ ақпараты бойынша жүйе іске қосылған кезде азаматтар өздері ұнаған көлікті таңдап, лизинг компаниясымен келісімшарт жасай алады. Лизинг тек жаңа емес, қолданыста болған көліктерге де беріледі. Көлік толық төленгенге дейін оның иесі лизинг компаниясы болады. Алайда екі тараптың келісімі бойынша, көлікті лизингке алушы адам барлық төлемді аяқтамай тұрып та өз атына рәсімдей алады.

АНАР МАҚАШЕВА, ҚАЗАҚСТАН АВТОКӨЛІК ОДАҒЫ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Несиеден лизингтің басты айырмашылығы – азаматтар көлікті әртүрлі шартпен ала алады: яғни бастапқы жарнамен де, онсыз да сатып алу мүмкіндігі бар. Лизинг мерзімі 37 айдан 7 жылға дейін созылады. Бәрі тұтынушының өзіне қолайлы шарттарға байланысты. Бұл жүйеде адам көлікті ұзақ мерзімді жалға алып, ай сайын төлем жасап отырады. Төлем толық өтелгеннен кейін, яғни қаржылық лизинг мерзімі аяқталғанда, көлікті өз атына ресімдеп, толық меншігіне ала алады.

Маманның пікірінше, бұл бастама азаматтарға көлік алудың жаңа жолын ұсынып қана қоймай, нарықтағы бәсекені арттырып, автопарктің жаңаруына ықпал етеді.
———————————————