Қарағанды кәсіпорындарына жасанды интеллект енгізіледі

Қарағанды облысындағы кәсіпорындарға келешекте жаппай жасанды интеллект енгізіледі. Цифрлық технология станоктардың жұмысын автоматтандырып, мамандардың қызметін жеңілтеді. Дегенмен басты қызметті қарамайым адамдар атқара бермек. Сондықтан жұмысшы мамандарды зауытқа тарту ісі жалғасын табуда.
Андрей Фёдоров – кәсіпорында шығарылған өнімдердің сапасын тексереді. Анасы және ағасымен бір зауытта иық тіресіп еңбек етіп жүргеніне бірнеше жыл болған. Үшеуі әртүрлі цехта болғандықтан, бірін-бірі күнде көре бермейді.

АНДРЕЙ ФЁДОРОВ – КӘСІПОРЫН ҚЫЗМЕТКЕРІ:
— Мен зауытта дайын болған құрылғыларды жіті бақылаймын. Егер қандай да бір кемшілікті анықтасам, оны қайта өңдеуге жіберемін. Ал, үйде жұмыс туралы сөз қозғамауға тырысамыз. Өйткені барлық әңгіме осы қабырғада қалуы керек.

Қарағандыдағы машина жасау зауытында мыңға тарта адам еңбек етеді. Мұнда шахталарға арналған жабдықтар мен мұнай өндіру саласына қажет арнайы техникалар құрастырылады. Өндіріс ұсақ бөлшектерден бастап ірі құрылғыларға дейін қамтиды. Болашақта мұнда жасанды интеллект енгізу жоспарланып отыр.

ЗАРИНА МҰҚЫШЕВА, КАДР БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
— Жұмыс өте қызықты. Біздің мамандар сызбалардың қыр-сырын толық біліп, меңгеруі міндетті. Қазірдің өзінде зауыттағы құрылғылардың дені автоматтандырылған. Ал алдағы уақытта тіпті бұл салаға жасанды интеллекті енгізетін боламыз.

Автоматтандырылған жүйе жұмысты жеңілдеткені рас. Дегенмен білікті мамандарға қашан да сұраныс жоғары. Әрі мұнда кадр тапшылығы мәселесі өткір. Сондықтан жастарды тарту үшін зауыт басшылығы оқу орындарымен байланыс орнатқан. Яғни студенттер мұнда тәжірибеден өтеді. Ал үздіктері жұмысқа қабылданады.
———————————————