Қазақстан мен Оңтүстік Корея болашақ қаласы – Alatau City жобасын бірлесіп жүзеге асырады. Сеулде өткен екі күндік роуд-шоу аясында цифрлық мегаполис жобасы таныстырылды. Екі елдің делегациялары көлік, жасанды интеллект және энергетика салаларында ынтымақтастық орнатуға уағдаласты.
Сеулде өткен роуд-шоу аясында қазақстандық делегация бірқатар маңызды келіссөз жүргізді. Басты мақсат – шетелдік инвестиция тарту және екі ел арасындағы экономикалық әріптестікті нығайту. Осы бағытта жоспарланған міндеттер толық орындалды деуге негіз бар. Ондаған меморандумға қол қойылды. Еліміз Алатау сити жобасына смарт-технологияларды енгізгенде Корея тәжірибесін пайдалануды жоспарлап отыр.
ДМИТРИЙ МУН, ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ ЦИФРЛЫҚ ДАМУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ
— «Аlatau city» әкімдігінің көптеген қызмет түрін бастапқы кезеңнен-ақ жасанды интеллектіге көшіру мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Соның ішінде аймақ тұрғындарынан келіп түсетін қоңыраулар мен өтініштерді де қамтиды. Бұл қазіргі уақытта бар мәселелерді уақытылы анықтауға мүмкіндік береді.
Қазақстан мен Оңтүстік Корея білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты да жаңа деңгейге көтеруге ынталы. Қос мемлекет Алатау Сити аумағында жаңа жоғары оқу орнын ашу туралы уағдаласты. «Болашақтың қаласында» салынатын алғашқы университеттің бірі Корейдің алдыңғы қатарлы ғылым және технология институты болуы мүмкін. Сондай-ақ Оңтүстік Корея үкіметі сирек жер металын өндіру саласындағы зерттеулерге инвестиция салуға ниетті.
САЯСАТ НҰРБЕК, ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРІ:
— Біздің министрлік және Кореяның сирек металдар институты бірігіп, келесі жылы үлкен бірлескен институт ашады. Ол – зерттеу институты. Сирек металдарды өндіру, сирек металдардан жаңа өнімдер шығару үшін. Кореяның үкіметі 20 млн долларлық инвестицияға шешім қабылдап, рұқсат берді.
Форум барысында Қазақстанның Көлік министрлігі мен Корея әуежайлар корпорациясы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Алатау Сити аумағында әуе такси жобасын бірлесіп дамытуға келісті.
ТАЛҒАТ ЛАСТАЕВ, КӨЛІК ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
— Қазақстандық компания ауқымды дайындық жұмыстарын жүргізді, соның ішінде Кореяның жетекші компанияларымен де бірлесіп жұмыс істеді. Бізде қазір нақты бағыттар мен вертипорттар, таксилер ұшып-қонатын арнайы алаңдар бар. 2028 жылға қарай осы вертипорттардың құрылысын толық аяқтап, жобаны іске қосуды жоспарлап отырмыз.
Бұл жоба көлік инфрақұрылымын заманауи бағытта жаңғыртуға мүмкіндік береді. Үкімет жаңа қалада ең озық технологияларды тез енгізу үшін заңнамаға өзгерістер енгізуге дайын. Ал Оңтүстік Кореяның кәсіпкерлері жақын уақытта Алматыға келіп, Алатау сити мегажобасымен егжей-тегжейлі танысуды көздеп отыр.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.