Түркістан облысында ата-ана төрт жасар баласының комаға түсуіне дәрігерлерді кінәлайды. Олардың айтуынша, ауруханаға алып барған ұлын дәрігерлер 6 сағат бойы қарамай қойған. Тіпті кезекші дәрігер ұйықтап, оны медбике оята алмай, әлекке түскен көрінеді.
Баланың ата-анасы бір аптадан бері күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылғанын айтады. Өйткені балабақшадан келген ұлының қызуы көтеріліп, түнгі үште талмасы ұстаған. Содан дереу жедел-жәрдемге жүгініпті. «Бірақ ауруханаға барғанымен, 6 сағат бойы дәрігерді күттік», — дейді.
МУАЗХАН МАУТОВ, БАЛАНЫҢ ӘКЕСІ:
— Өзімен өзі жата берген. Үш жарымда келген. Медбике қайтармақшы болған. Бір сағатта кейін тағы да тырыспасы қайталанған. Дәрігер келсін деп, тек мұрынға тамызған. Басқа еш нәрсе істелмеген. Медбикеден 102 түсініктеме алынғанда, дәрігер ұйықтап жатқан. «Үш мәрте барып тұрғыздым, тұрмады», — деген. Бұл – салғырттық. Дәрігерлердің кесірінен болып тұр.
«Түнде түскен 4 жасар Әлирахман Сейтханды дәрігерлер таңғы тоғызда бір-ақ қарады», — дейді ата-ана. Оған дейін іші ауырған баладан әл кетіп, көп ұзамай есінен танған. Содан бері бүлдіршін комада жатыр.
ҰЛЖАЛҒАС ЖҮЗЕЙ, БАЛАНЫҢ АНАСЫ:
— Жағдайы өте ауыр. Не істеп жатырсыздар десем, мардымды ештеңе айтпайды. Аппарат жоқ, анализ алмаған. Кеше дүйсенбіден бастап қана істеп жатыр.
Арыс аудандық ауруханасының басшылығы мекемеде компьютерлік тамография жоқ екенін жасырмайды. Сондықтан науқастың диогнозын да анықтай алмапты. Ал облыстық емдеу мекемесіне баланы аман жеткізетініне ешкім де кепілдік бере алмайды.
МАРАТ ТӨЛЕГЕНОВ, АУДАНДЫҚ ОРТАЛЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ:
— Сол түні алсақ, 35 науқас келіп қаралған ауруханаға. Енді ол шындыққа жанаспайды деп ойлаймын. Келіп ұйықтаған 6 сағат бойы деген мүмкін емес. Кезекші дәрігер пайымдауы бойынша басқа науқасты көрдім дейді. Қазір ол кісі жайлы толық тексеру, тергеу жұмыстары жүріп жатыр.
Бір аптадан бері жансақтау бөлімінде жатқан 4 жасар баланың ата-анасы дәрігерлердің әрекетсіздігіне ашулы. Айтуларынша, Әлирахман Сейтханның жағдайы күн сайын ауырлап барады, ал медицина мамандары нақты диагноз қоя алмай, бірде миына қан құйылған десе, енді бірде инфекция жұққан деп болжап отыр.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.