Конституциялық сот заң үстемдігі мен азаматтардың құқықтарын қорғаудың басты кепіліне айналды. Бұл органға келіп түскен арыз-шағым саны жыл сайын артып келеді. «Демек, халықтың сот жүйесіне сенімі күшеюде», — дейді сарапшылар. Ендеше, құзырлы органның жұмысына тоқталайық.
Осыдан үш жыл бұрын бой көтерген мына ғимаратта Конституциялық сот орналасқан. Осы аралықта бұл құрылымға 13 мыңнан астам өтініш түскен. 75 нормативтік қаулы қабылданып, соның 41-і орындалды. Азаматтар өз құқықтарын қорғау үшін Конституциялық сотқа тікелей жүгінуге мүмкіндік алды.
ЖАНАР ТӨЛЕНДИНОВА, САЯСАТТАНУШЫ, ПРЕЗИДЕНТ ЖАНЫНДАҒЫ ҚЗСИ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
— Бұрын мұндай мүмкіндік билік институттарына ғана берілген болатын. Конституциялық сот заң жобаларын Мәжіліске енгізер алдында және кейінгі кезеңдерде Ата Заңымымзға сәйкестігін тексеріп отырады. Бүгінде Қазақстанның кез келген азаматы заңның жеке нормаларының оның конституциялық құқықтарына сай емес екендігіне күмәнданса, осы органға жүгіне алады.
Бүгінде Конституциялық сот еліміздегі демократияны дамыту мен құқықтық мемлекет қалыптастыру жолындағы маңызды құрылымдардың біріне айналды. Айталық, бұл органды құру бастамасы алғаш рет 1990 жылдары көтерілген болатын.
ТАЛҒАТ ҚАЛИЕВ, САЯСАТТАНУШЫ:
— Ол кездерде бұл құрылым қажет болған жағдайда тіпті Президенттің шешімін де тоқтата алатын құзыретке ие болды. Ешбір билік тармағына есеп бермейтін тәуелсіз, дербес орган ертінде есептелді. Кейін оның өкілеті әлсірей бастады. Сөйтіп, Конституциялық кеңеспен алмастырылды.
Конституциялық соттың басты міндеті – елдегі барлық заң мен нормативтік актінің Ата заңға сай болуын қамтамасыз ету. Бірақ бұл орган барлық өтінішті қарай бермейді. Тұрғындардың көбі соттың нақты қандай мәселемен айналысатынын әлі шатастырып жүр. Конституциялық сотқа тек белгілі бір заң немесе құқықтық актінің нормасы Ата заңға қайшы деп саналған жағдайда ғана жүгінуге болады. Сонымен қатар оның нақты дәлел-дәйектер болуы қажет.
ЕРКІН ОҢҒАРБАЕВ, КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ СОТ СУДЬЯСЫ:
— Егер нормативтік-құқытық актілер Конституцияға сай келмесе, онда шешім қабылдай аламыз. Екінші маңызды мәселе – өтініштің нақты талаптарға сай болуы. Азаматтарға кеңес беру мақсатында арнайы орталық құрдық. Ол Конституциялық соттан бөлек орналасқан. Мұнда заңнамадғы талаптар тәптіштеп түсінідіріледі.
Заңның кейбір тұстарын нақтылап алғысы келген жағдайда Бас Прокурор, депутаттар, тіпті Президенттің өзі де бұл мекемеге жүгіне алады. Сондай-ақ кез келген мемлекеттік орган Конституциялық соттан ресми түрде түсініктеме сұрауға құқылы. Бірақ кез келген өтініш бірден қарала бермейді, алдымен мұқият сүзгіден өтеді. Ал соңғы шешімді соттың бүкіл құрамы бірігіп қабылайды.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.