СҚО-да ішімдіктен бас тартқан ауыл саны 21-ге жетті

Солтүстік Қазақстан облысында ішімдіктен бас тартқан ауыл саны 21-ге жетті. Өңір тұрғындары «Байсалды ауыл» жобасын жаппай қолдап жатыр. Бұл тізімге жуырда Қызылжар ауданына қарасты Байсал елді мекені де қосылды.
Гүлнәр Оразова – Байсал ауылының байырғы тұрғыны. Ішімдіктен бас тарту керек деген бастама көтерілгенде, жергілікті халық бірауыздан қолдағанын айтады. Осылайша ел болып, ертеңін ойлаған жұрттың ынтымағы одан бетер арта түскен.

ГҮЛНӘР ОРАЗОВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ
— Жасыратыны жоқ, бұрын жергілікті тұрғындар алкогольдің түр-түрін тұтынатын. Ал қазір мүлдем сұраныс жоқ. Ешкім ішпейді. Осылайша біз жастарға үлгі болайық деп шештік.

60-қа жуық түтіні бар Байсал облыс орталығынан 40 шақырым жерде орналасқан. Халқы негізінен мал және құс шаруашылығымен айналысады. Еңбекқор ауылдың тұрғындары бұл жай ғана ішімдіктен тыйылу емес, бүтін бір ұрпақтың тағдырын өзгертуге бағытталған батыл қадам деп есептейді.

АЛМА ЖҰМАБАЕВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
— Есігіміз ешқашан құлыпталмайды. Себебі дүние-мүлкімізге ешкім тиіспейді. Ауыл тұрғындары бір-бірін әркез қолдап, туысқандай болып кетті.
БОЛАТ САТЫБАЛДИН, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
— Қазір орақ науқаны. Ащы суды ешкім татпаған соң, жұмысымыз да алға басуда. Заман өзгеріп жатыр. Сондықтан көпке үлгі болуымыз қажет.
Полицейлердің айтуынша өңірде заңмен тәртіп қағидаты аясында асырылып жатқан шаралар өз нәтижесін беруде. Мәселен, биыл аймақта тіркелген қылмыс саны 14,4% азайған.
ГАУХАР РАМАЗАНОВА, БАСҚАРМА ИНСПЕКТОРЫ:
— Облыста осындай 21 ауыл бар. Оның 13-і биыл осы бастамаға қосылды. Нәтижелер өздігінен бәрін аңғартады. Соңғы бес жылда бұл ауылдарда бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Бұл – тұрғындардың саналы таңдауы.

Иә, «Байсалды ауыл» жобасы өңірде үлкен бір қозғалысқа айналды. Халық игі бастаманы көрші елдің тұрғындарына да кеңінен таратуда.
———————————————