Шымкентте былтыр ғана іске қосылған орталық су құбыры жарылып, бірнеше тұрғын үйге айтарлықтай зиян келтірді. Үйлердің қабырғалары қақырап, іргетастары сөгіле бастаған. Күн өткен сайын жағдай ушығып барады. Ал қыс қыр астында. Тұрғындар күн суықта баспанасыз қаламыз ба деп қорқады.
Су құбыры жарылып, бірден төрт үй жарамсыз күйге түсті. Зақымданған баспананың бірі Жанат Қалтаеваға тиесілі. Өткен жылы ғана жаңа үйінің қонысын тойлаған тұрғын бүгінде баспанасының қирап қалуынан қауіптеніп отыр. Айтуынша, қабырғалары жарылып, іргетасы шөге бастаған үйде тұру мүмкін болмай қалған.
ЖАНАТ ҚАЛТАЕВА – ТҰРҒЫН:
— Үй жарамсыз деді ма, жарамсыз. Бұзып, қайта соғып берсін. Үй соққаны былай тұрсын, жері де жарамайды. Үйді соқпас бұрын жерді жарату керек. Жарамды үй соғу үшін біздің үйдің астын 1.30 см дейін қазды. Асты ылғал. Топырақтар жыра-жыра болып тұр. Жыралар пайда болған.
Апатқа себеп болған мекеме тек бір үйді толық бұзып, қайта салуды жоспарлап отыр. Ал қалған зақымданған баспаналарды жөндеумен шектелмек. Тұрғындардың айтуынша, кейбір үйлер тіпті бұл тізімге де енбеген.
ӘЛИЯ АҚБАЛАЕВА, ТҰРҒЫН:
— Көршілерге жаңа үй салып беріп жатыр. Ал менің баспанам сол қалпында тұр. Бұзған да, жөндеген де жоқ. Негізі мұндағы 4-5 үйді бұзу керек.
Тұрғындардың қолындағы сараптама нәтижесінде апаттың себебі жарылған су құбыры екені жазылған. Алайда жауапты мекеме бұл қорытындымен келіспейді. Олар: «Қайта сараптама жүргіземіз», — дейтін көрінеді.
БАҒДАТ БАЙБОЛОВ, СУ ҚҰБЫРЫ ЖӘНЕ КАНАЛИЗАЦИЯ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫ:
— Біз сот сараптамасымен келіспейміз. Ол біржақты жасалынды. Біз де сараптама тағайындадық. Біздің де сараптамамыз жақын арада шығады. Жердің геологиясын алмаған. Жердің геологиясын алмай қорытынды шығаруға болмайды.
Еске салайық, жарылған су құбыры өткен жылы ғана бюджет қаржысына тартылған және оның әлі кепілдік өтпеген. Осыған байланысты жауапты басқарма шығын мөлшерін есептеп, істі сотқа беруге дайындалып жатыр. Егер сот олардың пайдасына шешім шығарса, барлық келтірілген залалды мердігер компания өтеуге міндеттелмек. Ал әзірге тұрғындардың пәтерақысы мен жөндеу шығындарын демеушілер көтеріп отыр.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.