Петропавлда былтыр салынған бөгет жарамсыз болып шықты

Петропавлда былтыр ғана салынған 4 шақырымдық топырақ үйіндісі жарамсыз күйге түсті. Ойқала шағын ауданын тасқын судан қорғайтын бөгеттің сапасы сын көтермей, бірнеше жерден тілініп кеткен. Тұрғындар оны тез арада ретке келтіру керек деп дабыл қағып отыр. «Өйтпеген жағдайда келер жылы тағы судың астында қалуым мүмкін», — дейді халық.
Былтыр алапат тасқын кезінде Дмитрий Фирсовтың Ойқала шағын ауданындағы баспанасы су астында қалған. Азамат мұндай жағдай келер жылы тағы қайталануы мүмкін деп сары уайымға салынып жүр. Өйткені тұрғызылған қорғанның сапасы сыр берген.

ДМИТРИЙ ФИРСОВ – ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Бұл үйінді қыста салынды. Күн жылынған соң ол басылып, топырақ қабаты әбден отырды. Артынша тіпті бірнеше жерден жарылып кетті. Енді нысанды тез арада қайта жасамаса, келер жылы тағы судың астында қалуымыз мүмкін.

Бұл негізінен Ресей шекарасына апаратын республикалық маңызы бар айналма жол. Шағын ауданның шетімен өтетін трассаның үстіне былтыр жергілікті билік өкілдері биіктігі 3 метр болатын бөгет тұрғызған. Артынша көлік қозғалысына шектеу қойды. Бірақ қорғанға күтім жасалмаған соң, бірнеше жерден жарылып кеткен.

ВАЛЕРИЙ ШТАНДЕНКО, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Біздің басты талабымыз – топырақ үйіндісін ретке келтіріп берсін. Жұмысты қазір бастамаса бәрі кеш болып қалуы мүмкін. Тіпті бетондап тастаса дейміз. Мына шетін міне қаппен нығайтып қойды. Бірақ одан еш нәтиже жоқ.

Қалалық әкімдік өкілдері мәселеден хабардар. Мұны жаздың жауынды болып, салдарынан топырақтың шөгуімен байланыстырып отыр.

ТИМУР ЖҰМАНОВ – ҚАЛА ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
— Бұл нысан техникалық бақылаушылардың жіті назарында. Жауапты компания кепілдік мерзімі аясында жұмысқа кіріседі. Яғни, олар топырақ үйіндісін қайта қалпына келтіруі тиіс. Бүгіннен қалмай ол жерге ауыр техникалар жеткізіледі.

Еске сала кетейін, өткен жылы өңірде жалпы ұзындығы 32 шақырымнан асатын 8 топырақ үйіндісі салынған. Оның дені бетондалды.
———————————————