Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы тауар айналымы 1 млрд долларға жетуі мүмкін

Қазақстан мен Әзербайжан арасында тауар айналымы еселеп артып, 1 миллиард долларға жетуі мүмкін. Елордада екі ел арасындағы Жоғары мемлекетаралық кеңестің екінші отырысы өтті. Қос ел президенттері сауда-экономикалық байланысты нығайтуға және стратегиялық әріптестікті тереңдетуге уағдаласты. Тараптар бірлескен кәсіпорындар құруға ниет білдіріп отыр. Трансформатор өндірісін жолға қойып, кеме жасау бағытында ортақ жобалар қолға алынбақ. Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевке Қытай мен Орталық Азияны Еуропамен байланыстыратын Орта дәлізді дамыту жобасын таныстырды. Бұл – көлік-логистика бағытындағы маңызды бастама. Әзербайжан Президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапары барысында бірқатар саланы қамтитын 15 құжатқа қол қойылды.
ҚАСЫМ- ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Қазақстан мұнайын Баку – Тбилиси – Жейхан бағдары бойынша тасымалдау жөніндегі бірлескен жұмысты ерекше атап өткім келеді. Былтыр Әзербайжан арқылы бұл стратегиялық шикізат транзиті бір жарым миллион тоннаға жуықтады. Жақын арада мұны айтарлықтай ұлғайту қажет. Теңіз табанына төселетін электр кабельдері жобасы ұлттық энергия жүйесін дамытуға серпін береді. Бұл біздің «жасыл» энергия экспортындағы позициямызды күшейте түседі. Әзербайжан аумағы арқылы қазақстандық уран өнімдерін шетел нарықтарына жеткізу аясында ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Осы орайда барлық негізгі бастамалар мен жобаларға қолдау көрсеткені үшін құрметті Әзербайжан Президентіне ризашылығымды білдіремін.

ИЛЬХАМ ӘЛИЕВ, ӘЗЕРБАЙЖАН ПРЕЗИДЕНТІ:
— Халықтарымызды ортақ рухани-мәдени құндылықтарға арқа сүйеген ғасырлардан тамыр тартатын достық пен бауырластық қатынастар байланыстырады. Бұл – біздің мемлекетаралық ынтымақтастығымыздың берік іргетасы. Соңғы үш жылда бір-бірімізге оннан аса сапар ұйымдастырдық. Ықпалдастығымыздың қаншалықты қарқынды екенін осыдан-ақ аңғаруға болады. Әрбір кездесу, әрбір талқылау түпкі нәтижені көздейді. Бүгін біз салалық министрліктердің есебі мен келешек жоспарларын тыңдадық. Жұмыс қорытындысына көңіл толады. Өйткені белгіленген міндеттердің бәрі орындалып жатыр. Мемлекетаралық кеңес аясында қол жеткізілген келісімдер халықтарымыздың игілігіне қызмет етеді.
———————————————