Қазақстанда ұлттық Wi-Fi желісі пайда болады

Халық түгел интернетпен қамтылатын күн жақын. Бүгін Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев 2027 жылға қарай солай болады деп мәлімдеді. Оның айтуынша, соңғы үш жылда телекоммуникация саласына 1 трлн-нан астам теңге бағытталған. Бұл елдегі интернеттің орташа жылдамдығын әжептәуір арттыруға мүмкіндік берді.
Цифрлық даму министрінің айтуынша, қазір Қазақстанда 20 миллионнан астам мобильді абонент және 3 млн 7 мың адам байланыс қызметін пайдаланады. Интернеттің орташа жылдамдығы – 94 Мбит/с. Министр бір-екі жылда барлық көрсеткішті 100-ге жеткізбек.

ЖАСЛАН МӘДИЕВ, ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ ОРЫНБАСАРЫ – ЖИЦД МИНИСТРІ:
— 2027 жылдың соңына дейін халықтың 100%-ы интернетпен қамтылады. Интернет жылдамдығы 100 Мбит/с-тан асып, оптикалық байланыс желілері ауылдық елді мекендердің 90%-ына дейін тартылады.

Үкімет алыс және аз қоныстанған ауылдарды интернетпен қамту мәселесін спутниктік байланыс арқылы шешпек. Жыл соңына дейін басқа технологиялар жете алмаған 504 ауыл спутниктік интернетке қосылады. Сөйтіп, министр Мәдиев Қазақстанды спутниктік байланыс бойынша цифрлық хабқа айналдырамын деп отыр.

ЖАСЛАН МӘДИЕВ, ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ ОРЫНБАСАРЫ, ЖИЦД МИНИСТРІ:
— 2025-2026 жылдары ел аумағында Direct to cell (D2C) қызметін іске қосу жоспарлануда. Бұл жоба ел аумағын ұялы байланыспен толықтай қамтиды. Бірінші кезеңде, 2026 жылы, SMS-хабарламалар қолжетімді болады. Одан кейін, 2027 жылы, дауыс байланысы мен деректерді беру қызметтерін көрсету жоспарлануда.

Ал ұялы байланыс операторлары интернеті нашар жерлердің проблемасын шешудің басқа жолын ұсынады. Ол – VoWiFi технологиясы. «Байланыс әлсіз болса да, Wi-Fi желісі арқылы қоңырау қабылдауға мүмкіндік беретін бұл технология келесі жылы жаппай іске қосылады», — дейді оператор. Тағы бір телеком-компания елде ұлттық Wi-Fi операторын құрумен айналысып жатыр. Ұлттық Wi-Fi жақын уақытта шекара бекеттерінде, әуежайларда, теміржол және автовокзалдарда, сондай-ақ мектептер мен медициналық мекемелерде пайда болады.

ҚАЙРАТ АХМЕТОВ, «FREEDOM TELECOM OPERATIONS» КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
— Бірінші кезеңде 10 қалада 400 орын ұлттық Wi-Fi-ға қосылады. Биылдың өзінде 3 миллионнан астам пайдаланушы авторизация жасайды деп күтіп отырмыз. 2026 жылға қарай желіні 10 мың қосу нүктесіне дейін, ал 2027 жылға қарай 20 мыңға дейін кеңейту жоспары бар.

Әйтсе де елде интернет пен байланыс бағасының түсер түрі жоқ. Байланыс операторлары бүгін бәрі бірауыздан жаңа жылдан бастап тарифтер тағы өсетінін айтты.

ЕРЖАН МЕЙРАМОВ, «ҚАЗАҚТЕЛЕКОМ» АҚ БАС ӘКІМШІЛІК ДИРЕКТОРЫ:
— Келесі жылы салықтың өсуі себебінен керісінше 15-20 пайызға дейін өсуі мүмкін. Сондықтан тікелей жауап – арзандамайтын шығар.

Жасанды интеллект министрлігі телефон алаяқтығымен күресті жалғастырып жатыр. Байланыс операторларына қойылған жаңа талаптардың бірі – абоненттердің биометриялық сәйкестендіруін енгізу. Бір абоненттің атына тіркелетін телефон нөмірінің саны шектелді. Осы жұмыстың арқасында екі жылда 30 миллионнан астам күдікті қоңырау бұғатталды.
———————————————