Астана қаласында да құрылыс қарқыны әлі бәсеңдеген жоқ. Ширек ғасырдан бері үздіксіз салынып жатқан зәулім үй мен кескін-келбеті бөлек ғимарат санында шек жоқ. Әлемнің әйгілі сәулеткерлерінің қолтаңбасы қаланы одан сайын айшықты етіп тұр. Жыл басында құрылыс қарқыны 15 пайызға артып, оған жұмсалған қаржы 4 трлн теңгеге жетті.
Кешегі жатаған жер үйлер жоқ қазір. Оның орнына зәулім ғимараттар салынған. Тұрғындардың тынығуына арналған сулы, жасыл нулы бульварлары бір бөлек. Қысқасы, Астанада келбеті келісті, тұрпаты басқа нысан көп.
Иә, жыл өткен сайын Астанада халық саны артып келеді. Елорда бірегей әкімшілік-мәдени және тұрғын үй ғимараттарымен танымал. Көпірлер заманауи мегаполистің пайда болуында маңызды рөл атқарады. Елордадағы ең еңселі ғимарат – 78 қабатты Абу-Даби Плаза. Оның биіктігі – 311 метр. Биіктігі 100 метрден асатын тағы бірнеше сәулетті құрылыс бар.
ЖАНЕРКЕ САҒЫМЖАН, ҚР ӨҚМ ҚТҮШ КОМИТЕТІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
— Бүгінгі таңда құрылыс саласы өте жақсы дамып жатыр. Осы жылдың басынан қыркүйекке дейінгі 9 айдың ішінде құрылыс бойынша барлық жұмсалған негізгі жұмыс көлемі 6,4 триллионды құрайды.
Бейбітшілік ұясы іспеттес Бәйтерек, Орталық Азиядағы 12 мың адам сиятын ең зәулім, ең әдемі Әзірет сұлтан мешіті, Париждегі Эйфел мұнарасындай көз тартатын «Пирамида», «Ханшатыр» сауда және ойын-сауық кешені. Тізе берсең, шаһардың бет-бейнесіне айналған сәулетті мекен көп мұнда. Ал оң жағалаудағы ескі архитектуралық нысандарға да туристер қызығушылық танытуда.
АЙЗАТ ТҰРҒЫНБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
— Соның бірі XIX ғасырда тұрғызылған тарихи ғимараттың салынуы жайлы бүгінге жеткен аңыз да бар екен. Ақмолалық шонжар көпестердің бірі-Василий Кубрин жұмыстарымен Санкт-Петербургқа барады. Сол жерде актриса қызды бір көргеннен ұнатып қалған деседі. Бойжеткен көпеспен бірге Ақмолаға бару үшін бір шарт қойған. Егер Кубрин Петербургтің ең әсем жекежайлары үлгісінде үй салдыратын болса ғана көшуге дайын екенін айтыпты.
Шынымен көпес осы үйде ғашығымен тұрған деседі. Ал елімізде құрылыс индустриясының қарыштап дамып, отыз жылда 34 есеге артуы – бұл саланың ел экономикасындағы рөлін және инвестициялық белсенділіктің артқанын дәлелдейді.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.