Жылыту маусымына байланысты тұрғын үйлерге рейд жүргізіледі

Тұрғын үйлерде рейд жүргізіп, пештерді түгел тексеру керек. Үкімет басшысы бүгін Төтенше жағдайлар министріне осыны тапсырды. Олжас Бектенов Шыңғыс Арыновқа: «Демалыс және мереке күндерін пайдаланып, от жағатын әр шаңыраққа кіріп, жылу жүйесінде ақауы бар үйлерді анықтаңдар», — деді. Рейдке әкімдік пен полиция қызметкерлерін тартуды тапсырды. Ал пеште ақау болса, тез арада жойылсын деді. Премьер-министр газбен жылытылатын үйлерде қауіпсіздік ережелерінің сақталғанын тексеру керек, деп газ жағатын әр үйде ескерту датчигін орнатуды еске салды.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
— 350 мыңға жуық тұрмыстық газ баллоны 40-50 жыл бойы пайдаланылып келеді, бұларды дереу ауыстыру қажет. Осы күнге дейін пайдалану мерзімі өтіп кеткен тұрмыстық баллондарды алып қою және кәдеге жарату тәртібі әзірленбеген. Энергетика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірге газ баллондарының айналымын бақылаудың нақты тетігін әзірлеуді тапсырамын.
———————————————