Ақмола облысында әкесі мен баласы үш сәбиді өрттен аман алып шықты

Батырлық пен жанқиярлықтың жарқын үлгісі. Ақмола облысындағы әке мен баланың ерлігі ел аузында жүр. Олар өртеніп жатқан үйден үш баланы аман алып шықты. Аналары жұмысқа кеткенде өрт шығып, бес бала от құшағында қалған. Екеуі ілбіп шығып, көршіден көмек сұрайды.
Үлгі ауылындағы үйдің орны қазір үйіндіге айналған. Тілсіз жау баспананы әп-сәтте шарпыған. Өрт кезінде үйдегі бес баланың екеуі сыртқа шығып үлгерген. Бірақ қалғандарына көмектесе алмаған. Дәл осы кезде көршілері көмекке ұмтылған. Әкелі-балалы қос батыр терезені сындырып, түтінге тұншыққан балаларды бөлмеден сыртқа алып шыққан.

ЕРЛАН ТОҚСАНБАЕВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
— Әйнектің алдында қыз бала қатты шошығаннан айқалап жатты. Бір терезені ашып, жедел әрекет еттік. Дереу үйді электр желісінен ажыратып, іште тұрған екі газ баллонды сыртқа алып шықтық. Бірнеше минуттан кейін үй қызыл жалынға оранды.

Юлия Черкасская жалғызбасты көпбалалы ана. Үйінен өрт шыққан кезде жұмыста болған. Жуырда ғана балаларымен Астанадан Үлгі ауылына қоныс аударғанын айтады. Баспанасын жөндеуді жоспарлап жүрген. Құрылыс материалдарын да алып қойған. Алайда, тілсіз жау оның бәрін әп-сәтте күлге айналдырды.

ЮЛИЯ ЧЕРКАССКАЯ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
— Материалдық дүниенің орны толар, ең бастысы, балаларым дін аман. Оларды құтқарған азаматтарға алғысым шексіз.

Қиындыққа тап болған отбасына ауыл тұрғындары барынша жәрдемдесіп жатыр. Уақытша баспана тауып, киім-кешек, қаржылай көмек көрсеткен. Жалпы жыл басынан бері Ақмола облысында 500-ден астам өрт болған. Тілсіз жаудың кесірінен 19 адам көз жұмып, 4 адам ауыр жарақат алған.

ДЕНИС ШЕЛКОПЛЯСОВ, ТЖ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
— Тексеріс нәтижесі көрсеткендей, тілсіз жау электр сымдарының қысқа тұйықталуынан тұтанған. Үйдің ішінде төрт газ баллон болған. Төтенше жағдай қызметкерлері келгенге дейін оның екеуін көршілері далаға шығарып үлгерген. Қалған екі баллон үйдің ішінде жарылды.

Әке мен баланың жанқиярлығының арқасында үш бала аман қалды. «Бірақ олар бұл әрекетті ерлікке баламаймыз», — дейді. Олар үшін бұл азаматтық борыш. Қазір мамандар ауыл азаматтарын мемлекеттік марапатқа ұсынуды ойластырып жатыр.
———————————————