Аягөздегі әскери бөлімнің тыныс-тіршілігі тікелей эфирде таныстырылды

Аягөздегі әскери бөлімнен тың ақпарат. Арнамыздың түсіру тобы отан қорғаушылардың тыныс-тіршілігін тікелей эфирде ортаға салады.
ҒАНИ МҰҚАШҰЛЫ, ТІЛШІ:
— Біз Абай облысындағы Аягөз гарнизонындамыз. Бұл – Қазақстан Қарулы Күштерінің Құрлық әскерлері құрамына кіретін 10810 әскери бөлімі, яғни артиллериялық, танк бригадалары орналасқан стратегиялық аймақ. Осында келуіміздің басты себебі – сарбаздардың тыныс-тіршілігімен танысу, әлеуетін көру. Жалпы, әскерге келген әр сарбаз техниканың құлағында ойнап, бес қаруы сай болуы керек. Нақты тәртіп, темірдей мінез бен жоғары жауапкершілікті талап етеді. 10810 бөлімінде дәл осы қағидалар күнделікті өмірдің бөлінбес бөлігіне айналған. Себебі жауынгерлердің негізгі міндеті – ел шекарасын қорғау, әскери қауіп кезінде артиллериялық қолдау көрсету, қажет болса төтенше жағдай кезінде жұмылып, көмекке келеді. Сондықтан да, жаттығу алаңында сарбаздардың тактикалық қимылдары пысықталады. Далалық жағдайда әрекет ету, байланыс орнату, бөлімшелер арасында үйлесімділік сақтау – бәрі нақты сценариймен дайындалады. Осындағы сарбаздардың әр күні – шыңдалу мен шынығу. Офицерлердің айтуынша, Әскери бөлімде әрбір сарбаздың моральдық-психологиялық жағдайына да жіті көңіл бөлінеді. Маңызды міндеттерді орындау кезінде бұл аса маңызды дейді. Бұдан бөлек, әскери борышын өтеп жатқандарға Сарбаз 2,0 бағдарламасы аясында жоғары оқу орнына түсуге де жағдай жасалғанын жеткізді. Яғни еліміздегі университеттердің бірінде тегін білім ала алады. Бүгінде дәл осы горнизонда ондаған әскери қызметші тиісті емтихан тапсырып, енді жауабын күтіп отыр екен. Біз алдағы уақытта бұдан да қызықты, мол мағлұмат жинаймыз.
———————————————