Ақтөбеде әріптесін өлтірген мейіргер 20 жылға сотталды

Ақтөбеде диализ орталығының 31 жастағы мейіргері 20 жылға сотталды. Оған әріптесі нефролог-дәрігерді өлтіріп, қаражаты мен мүлкін иеленді деген айып тағылды. Қанды оқиға биыл мамыр айында болған. 69 жастағы дәрігер аяқ асты жоғалып кеткен. Оны туыстары, полиция мен еріктілер іздестірген. Артынан оны әріптесі өз үйінде өлтіргені анықталды. Тіпті мәйітті қала ішінде әрі-бері тасыған. Күдікті марқұмның шотында 5 млн теңге барын білген. Соны алу үшін осындай қитұрқылыққа барған. Марқұмның үйіндегі телефон, планшет және ноутбукті қолды еткен. Іс- алқабилердің қатысуымен қаралды.
ЖӘНІБЕК СЕЙТЖАПАРОВ, СУДЬЯ:
— Қылмыстардың жиынтығы бойынша, жазаларды ішінара қосу тәртібімен Шаймерденовке түпкілікті 20 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. ҚР Қылмыстық кодексінің 46-бабы 5-бөлігі 2-тармағына сәйкес, жазаны өтеу орны ретінде орташа қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесі белгіленсін.
———————————————