Бүгін Мәжіліс 3 жылға арналған республикалық бюджет жобасын қабылдады. Осы тұрғыда мемлекет баспана мен автокөлік ақысын бөліп төлеу нарығын да өз бақылауына алмақшы. Ұлттық банк төрағасы айтқандай бөліп төлеу нарығын реттеу тәсілдері әзірленіп жатыр.
Депутаттарға бірден 2026-2028 жылдардың бюджетін қабылдау оңайға түскен жоқ. Заң жобасын талқылау үшін Мәжіліс қабырғасында 28 рет отырыс өткізіп, 500-ге жуық сұрақты талқылаған. Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, 2026 жылы жалпы ішкі өнімнің нақты өсуі 5,4 пайыз болса, 3 жылдағы орташа жылдық өсім 5,3 пайыз деп болжанып отыр.
СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН, ҚР ПРЕМЬЕР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Болжам бойынша экспорт 2026 жылғы 77,1 миллиард АҚШ долларынан 2028 жылы 83,7 млрд АҚШ долларына дейін импорт 67,7 ден 75.2 мллрд АҚШ долларына дейін өседі. Инфляция болжамы 2026 жылы 9-11 пайызға дейін 20247-2028 жылдары орташа 6 пайыз болады. Макроэкономикалық көрсеткіштердің болжамы негізінде 2026 -2028 жылдарға арналған бюджетпен Ұлттық қор параметрлерінің болжамы қалыптастырылды.
Болжам көңіл көншіткендей. «Бюджет тапшылығы 0,9%-ға дейін төмендейді. 2026 жылы түсімдер 23,1 трлн теңге деңгейінде болжанып отыр. Оның ішінде, трансферттерді есептемегенде, кіріс 19,2 трлн теңге», — дейді қаржы министрі. Бұған салық Кодексінің қабылдануының оң әсері болмақ.
МӘДИ ТӘКИЕВ, ҚАРЖЫ МИНИСТРІ:
— Экономиканың өсімінің салық Кодексінің қабылдануына, оның ішінде салықтық және кедендік әкімшілендіруге байланысты ағымдағы жылмен салыстырғанда кірістер 3,6 трлн теңгеге ұлғайып отыр. Бұл мемлекеттік қаржы тұрақтылығына алып келетін болады. Бюджет шығыстары 27,8трлн теңгені құрады. Яғни ағымдағы жылмен салыстырғанда 2 трлн теңгеге ұлғайып отыр.
Ал әлеуметтік шығысқа 2026 жылы 10,7 трлн теңге бөлу жоспарланып отыр. Оның ішінде әлеуметтік төлемдерге 6,8 трлн теңге, адами капиталға 3,9 трлн теңге қарастырылған. Сондай-ақ заң жобасын қарау барысында депутаттар өңірлерді дамытуда бюджеттік шығындарды ұлғайтуды көздейтін түзетулер ұсынған. Бұл мақсаттарға үкімет резервінен қосымша 30 миллиард теңге және мемлекеттік қарызға қызмет көрсету есебінен 16,5 миллиард теңге қарастырылған. «Бұл қаржы жылу, электр, газ, сумен жабдықтауды дамытуға, жағалауды нығайту жұмыстарына және басқа да салаларға бағытталады», — делінді Мәжілісте.
ЕРЛАН САИРОВ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Бірақ бір үлкен мәселе бар. Жақында депутаттар бюджеттік Кодексті қабылдады. Міне осы бюджеттік Кодексте бюджеттің әрбір тиынына сапалы сараптама қажеттігі анықталған. Бюджет Кодексінде нақты шығыстарды талдаудың бюджеттік стратегиялық және инвестициялық үш түрі болу керек деп тайға таңба басқандай жазылған. Бірақ, өкінішке қарай, депутаттарға келген кезде бюджет тің тек қана сандық көрсеткіштері ғана болды.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР МИНИСТРІ:
— Қаралып отырған республикалық бюджеттің жобасы бойынша өте ауқымды жұмыс атқарылды деп айтуға болады. Тек Мәжілістің қабырғасында 28 отырыс өтті, 500-ге жуық сұраққа жауап берілді, түсініктемелер берілді. Тиісті түзетулер енгізілді жобаға. Сондықтан осы республикалық бюджеттің жобасы теңгерімді және тиімді құжат болды деп сенемін.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.