Шетелден қайтарылған заңсыз активтер ел игілігіне жұмсалып жатыр. Арнайы мемлекеттік қорға аударылған 850 миллиард теңгеге әлеуметтік маңызы бар нысандар салынып, ауыл мен қаладағы инфрақұрылым біршама жаңарып қалды.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕН – ТІЛШІ:
— Екі жыл бұрын елімізде Бас прокуратура жанынан заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комитет құрылып, шетелге заңсыз шығарылған қаражат қайтарыла бастады. Ол ақша арнаулы мемлекеттік қорға аударылып тұрды. Кейін билік жиналған қаржыны әлеуметтік нысандар құрылысы мен инфрақұрылымды жаңартуға жұмсаймыз деп шешті.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Бас прокуратура заңсыз актив иелерімен өнімді жұмыс істегенін айта кету керек. Соның нәтижесінде қазынаға 850 миллиард теңгеге жуық қаржы қайтарылды. Бұл қаражат он мектеп, төрт спорт ғимаратын салуға, 235 денсаулық сақтау нысаны мен 177 су инфрақұрылымы нысанының құрылысына және жөндеу жұмыстарына бөлінді. Республикалық бюджетке тағы қосымша қаражат түспек.
Мысалы, Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауылындағы жаңа дәрігерлік амбулатория қайтарылған активтер есебінен салынды. Құрылысына 300 млн теңге кеткен. Мұнда ауыл тұрғындарына дәрігерлік қызмет көрсетіледі, зертханалық диагностика мен скрининг жүргізіледі.
ЖАҢЫЛСЫН ҚОНАЕВА, МҰҒАЛЖАР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Бүгін қуанышты күн. Ауылымызда көптен күткен амбулатория ашылып жатыр. Ауылымыз аман болсын.
Аймақта қайтарылған активтер есебінен 11 медициналық нысан бой көтереді деп жоспарланған. Байғанин ауданының Ноғайты ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт, Ырғыз ауданының Жарма ауылында медициналық пункт, Алға ауданы Маржанбұлақ ауылында дәрігерлік амбулатория бүгінде науқастарды қабылдап жатыр. Жалпы, ел бойынша қайтарылған ақша есебінен Денсаулық сақтау саласында 129 млрд теңгеге 177 жоба жүзеге асырылмақ. Соның ішінде 21 аудандық аурухананы қайта жаңарту, қосалқы ғимарат салу және күрделі жөндеуге 37 млрд теңге бөлінген.
ДИНА АСЫЛХАНОВА, ДСМ БАС САРАПШЫСЫ:
— Денсаулық сақтау объектілері бойынша Арнайы мемлекеттік қор қаражаты есебінен құрылысы аяқталуда: Риддер қаласындағы көпсалалы аурухана, Өскемен қаласындағы гематология орталығы, Ақтау қаласындағы жедел медициналық жәрдем станциясы.
Қайтарылған ақшадан білім мен спорт саласы да құр қалып жатқан жоқ. Атырау облысының Жамансор, Жетісу облысының Рудничный және Көксай ауылдарында мектептер, Түркістан облысының Темірлан ауылында музыка мектебі, Ақмола облысының Зеренді ауылында спорт кешені, Шымкентте жатақхана, Ақтөбе мен Петропавлда 2 балабақша, Астанада Қ. Мұнайтпасов атындағы стадион салынып жатыр.
МӘДИ ТАКИЕВ – ҚАРЖЫ МИНИСТРІ:
— Әлеуметтік-экономикалық жобаларды қаржыландыруда арнайы мемлекеттік қорға қайтарылған қаражат айтарлықтай қолдау болды. Мәселен, жалпы сомасы 392 млрд теңгеге – 443 жоба қаржыландырылды. Бұл жобалардың ішінде сумен жабдықтауға байланысты 248 жобаға – 193 млрд теңге, оның ішінде ауылдық елді мекендердегі 196 жобаға 141 млрд теңге бөлінді.
Арнаулы мемлекеттік қорға тікелей аударылған қаражаттан басқа, заңсыз иемделген мүлікті сатудан түскен ақша да бар. Қайтарылған активтерді басқару компаниясының ақпараты бойынша, жылжымайтын мүліктер, қымбат автокөліктер, зергерлік бұйымдар, сағаттар мен коллекциялық монеталарды сатудан қорға барлығы — 38,3 млрд теңге аударылған. Жақында атауы Инвесторлардың құқығын қорғау жөніндегі комитет деп өзгергенімен, мекеме заңсыз активтерді қайтару жұмысын жалғастыра береді.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.