Ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас берік пе? Қазақстандық отбасылардың көбі бала тәрбиесіне жеткілікті көңіл бөлмейді, жұмысбасты. Психологтар осылай деп, дабыл қағып отыр.
Анастасия Ан – екі баланың анасы. Тұңғышы жетіде, кішісі үш жаста. Бір кездері жұмысбастылықпен жүріп перзенттерінің тәрбиесіне көп көңіл бөлуге мүмкіндігі болмағанын айтады. Салдарынан уақыт өте олардың мінез-құлқынан өзгерістерді байқайды.
АНАСТАСИЯ АН, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Балаларымды асырау үшін көп жұмыс істедім. Бірақ бір күні назарым түсіп, бүлдіршіндерімнің бойындағы жағымсыз қылықтарды, яғни ашушаң бола бастағанын аңғардым. Сондықтан жұмысымды азайтып, оларға көбірек уақыт бөле бастадым. Нәтижесі де көп күттірген жоқ. Отбасындағы тыныштық қалпына келе бастады.
Жалпыұлттық сауалнамаға қатысқан отбасылардың 14 пайызы бала тәрбиесіне тиісті уақыт бөлмейтінін мойындаған. Яғни әр жетінші ата-ананың ұл-қызына көңіл бөлуге мұршасы жоқ.
АНАСТАСИЯ УТИНАНС, ПСИХОЛОГ:
— Қазіргі заманда балалармен қарым-қатынасты назардан тыс қалдыру өте қауіпті. Себебі олар түрлі ақпаратты интернет пен әлеуметтік желілер арқылы оңай әрі еркін қабылдайды. Оларды ғаламтордан шектеуге тырысқанымен бәрібір сол ақпарат көздерін табады.
Иә, ақпарат көп. Құбылмалы қоғамда баланың аңсарын аулап, елітетін оқиға көп. Әсіресе санасы әлі қалыптасып үлгермеген жасөспірімді бұл үлкен күйзеліске алып келуі мүмкін. «Осы ретті отбасында балаға назар бөлу өте маңызды», — дейді мамандар.
ЛӘЗЗАТ ЕСМҰХАНОВА, ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІ БҚҚК БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:
— Қазір балалар арасында қылмыс, құқықбұзушылық, өз өзіне қол салу жағдайлары көбейіп барады. Бәрі де ата-ана тарапынан жеткілікті назар болмауынан туындайды. Сондықтан балаңызбен сөйлесіңіз. Ішкі жан дүниесін түсінуге тырысыңыз. Тек онлайн өмірі жайлы емес, мектептегі көңіл-күйі, достары, ауладағы қарым-қатынасы туралы да әңгімелескен жөн.
Мамандардың айтуынша, егер бала себепсіз ашуланып, мазасыздық танытса, елеусіз қалдыруға болмайды. «Мұндай жағдайда әуелі баланың жағдайын білуге тырысу қажет. Болмаса аймақтық қолдау орталықтарына жүгінген жөн», — дейді мамандар. Тіпті 111 байланыс желісіне хабарласуға болады. Бұл – отбасылық мәселелерді шешуге және бала қауіпсіздігіне жәрдем беретін ұлттық байланыс орталығы. Ол тәулік бойы жұмыс істейді.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.