Мәрлен Тұрсынәлі Есік өзенінде форель балығын өсіреді

Алматы облысында өзінің адал еңбек, маңдай терімен үлкен жетістікке жеткен кәсіпкерлер аз емес. Солардың бірі – Мәрлен Тұрсынәлі. Ол осыдан 15 жыл бұрын Есік өзенінің мөлдір, таза суында форель балығын өсірумен айналыса бастады. Табандылығы мен қажыр-қайратының, ерік-жігерінің арқасында ол бүгінде еліміздегі белгілі патша балық өсірушілердің біріне айналды.
Үш жасында анасынан айырылған Мәрлен Хан Тәңірінің баурайындағы өзінің туған ауылы Қарасазда картоп егіп, мал бағып, ауыр еңбекке ерте араласты. Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде балық шаруашылығы мамандығына оқып, білім алған ол алдымен Еңбекшіқазақ ауданындағы форель шаруашылықтарының біріне жұмысқа орналасады. Жас маман 15 жыл бұрын белді бекем буып, өз кәсібін ашты.

МӘРЛЕН ТҰРСЫНӘЛІ – КӘСІПКЕР:
— Кез келген істе табысқа табанды еңбектің арқасында ғана жетуге болады. Алдыңа нақты мақсат қойып, сол бағытта тұрақты жұмыс істесең ғана нәтижеге қол жеткізесің.

Кәсіпкердің қарамағында қазір 70 шақты жергілікті тұрғын жұмыс істейді. Ол уылдырықтан шабақ алып, оны тауарлы балыққа айналдыру мақсатында шаруашылығын біртіндеп кеңейте бастады. Болашақта жыл сайын 1000-1500 тонна балық етін өндіруді жоспарлап отыр.

САМАТ ДӘУКЕЕВ, КӘСІПКЕР:
— Мәрлен ағамыз – нағыз еңбектің адамы. Әрқашан ізденісте жүреді. Жаңашылдықты жақсы көреді. Әрқашан жаңа дүниелерді енгізуге тырысады.

Кәсіпкер өткен жылы балық өңдеу зауыты мен әуесқой балықшыларға арналған демалыс орнын ашты. Қазір мұнда алыс және жақын шетелдерден де демалушылар көп келеді.

АХМЕД БИШАНЛО, ӘУЕСҚОЙ БАЛЫҚШЫ:
— Маған әсем табиғат аясында балық аулаған ұнайды. Есікке бүгін өзіммен бірге жұмыс істейтін достарымды да ерте келдім. Қазірдің өзінде бірнеше форель балығын аулап үлгердік.

Мәрлен Тұрсынәлі еліміздегі балық шаруашылығына маман даярлау үшін Есік қаласында «Балық-мектеп» жобасын жүзеге асыра бастады. Олар бес жылдың ішінде 550-ден астам маман даярлады. Қысқа мерзімді курстан өткен 100 шақты адам өз шаруашылығын ашып, басық өсіре бастаған.
———————————————