Айбынды армия: Аягөз горнизонынан арнайы репортаж

Мемлекеттің тәуелсіздігі мен тұтастығы қашанда маңызды. Бұл сөздің мәнін терең түсінетіндер – ел шебін күзетіп, тыныштығымызды қорғап жүрген әскерилер. Республика күні қарсаңында ел қорғандарын құттықтап, тыныс-тірлішігін көріп қайту үшін Аягөз горнизонына арнайы ат басын бұрдық.

ҒАНИ МҰҚАШҰЛЫ, ТІЛШІ:
— Араға 2 сағат салып, тура менің артымда тұрған ұшақпен Аягөз әскери бөліміне келіп жеттік. Әңгімеміз әуелі офицерлермен, сарбаздармен танысудан басталатын секілді.
Бұл – танкке қарсы басқарылатын зымыран кешенін көздеуші операторларды үйрететін бөлме.

Заманауи қақтығыстарда бұл зымырандар ғана қолданылмайды. Жауынгерлер жаңа заманның жойқын қаруы саналатын дрондармен де қарсыластың техникасын жоюды жаппай үйренуді қолға алған.

ЕРЖАН БАЛТАБАЕВ, СЕРЖАНТ:
— Біз алдымен дайындаймыз. Содан кейін далада тәжірибе жасайды. Ол енді міндетті түрде.

Ал әзірге үзіліс. Таңның атысынан тер төккен сарбаздардың түскі ас уақыты.

Әскери бөлімде әр секунд, әр сәт маңызды. Түстеніп алған соң сарбаздармен бірге ары қарай оқу-жаттығуға бет алдық.

КЕНЖЕБЕК ЕСКЕНДІР, ҚАТАРДАҒЫ ЖАУЫНГЕР:
— Танкіден теориялық сабақтар өтті. Содан кейін практикалық сабақтар болды. Полигонға бардық. Басында түсініспеушіліктер болды. Енді құралдары өте көп. Басында қорқыныш сезімі де болды. Оның бәрін взвод командирлеріміз, рота командирлеріміз дұрыстап түсіндіріп, үйрететін нәрсені үйретті.

РУСЛАН ОМАРОВ, АБАЙ ОБЛЫСЫ ҚОРҒАНЫС ІСТЕРІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:
— Қазіргі таңда Бас штаб басшылығымен Абай өңіріне сегіз жүзге жуық жас сарбаздарымызды сапқа тұрғызу міндеттелді. Қазіргі таңда біздер Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметіне, бұдан басқа мемлекеттік күзет қызметіне және қазіргі таңда Қарулы күштер қатарына сарбаздарымызды жолдаудамыз.

Әскерге шабытпен барып, табытпен оралғандар да жоқ емес. Полковник мырзадан осы мәселенің алдын алу үшін қандай шаралар атқарылып жатқанын да сұрадық.

АРЫНҒАЛИ ӘКІШЕВ, ҚҰРЛЫҚ ӘСКЕРЛЕРІ БАС ҚОЛБАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
— 18-19 жастағы сарбаздар енді үйден келді. Ата-аналары қастарында жоқ, бауырлары жоқ, туыстары жоқ дегендей. Өңкей жігіттер болғаннан кейін әр сарбаз әртүрлі өтеді. Кейбіреулері бір айдың ішінде үйреніп кетеді. Кейбіреулеріне екі ай керек. Психологиялық тест өткізгеннен кейін оларға көмек көрсетеміз.

РУСЛАН ОМАРОВ, АБАЙ ОБЛЫСЫ ҚОРҒАНЫС ІСТЕРІ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫ:
— Алдын алу үшін әскери-патриоттық бағытта жұмыстар жүргізілуде.
КЕНЖЕБЕК ЕСКЕНДІР, ҚАТАРДАҒЫ ЖАУЫНГЕР:
— Негізі жігіттерге әскерден қашпау керек. Әскерге келген әрбір жігіттің міндеті ғой. Негізі әскерге келуден қорқудың қажетіжоқ.

Керісінше жемісін көруге болады дейді жауынгерлер.

Әскер – ерлік мектебі. Мұнда әр сарбаз тек қару ұстауды емес, өмірге, Отанға деген жауапкершілікті үйренеді. Аягөз горнизонында өткен бір күн бізге соны көрсетті: Бұл жерден тек мықты сарбаз емес, елдің ертеңін ойлайтын азаматтар түлеп ұшып жатыр.
———————————————