Оралда үйлі боламыз деп жүрген отбасылар баспанасыз қалуы мүмкін

Оралда жаңа үйлі боламыз деп жүрген 20-дан астам отбасы баспанасыз қалуы мүмкін. «Іргелес көршіден құрылыс компаниясы нысанды заңсыз салып жатыр», — деген шағым түскен. Енді бірнеше қабатты үй сүрілуі ықтимал. Бұрынғы үйлерін сатып, бар қаржысын жаңа баспанаға салған тұрғындар енді не істерін білмейді. Кейбірі пәтер жалдап жүр.
Бұл үй құрылыс ережесіне сай келмейді. Бастапқыдағы көрсетілген жоба да өзгеріп кеткен. Көрші үйдің иесі құзырлы органдарға осылай деп шағым түсірген. Оның сенімді өкілі сотқа жүгініп, құрылысты тоқтатуды сұраған.

СВЕТЛАНА КЛЕНИНА, ЗАҢГЕР:
— Ол кезде тек бірінші қабат бітіп, екіншісі көтеріліп жатқан еді. Құрылысты тоқтатуды, оны қабылдамауды сұрадық. 2024 жылы 7 қарашада сот біздің талабымызды ішінара қанағаттандырды. Бірақ құрылысқа түгел тоқтау салынған жоқ.

Жаңа үйде жаңаша тұрамыз деп үміттенген үлескерлер енді не істерін білмей дал. Кейбірі бар жиған-тергенімен қатар бұрынғы баспаналарын да сатып жіберген. Араларында уақытша пәтер жалдап жүргендері де бар. «Бұл үй өткен жылдың қарашасында тапсырылуы тиіс болатын. Бірақ кілт берілмей отыр. Екі ортада біз зардап шегіп жатырмыз», — дейді үлескерлер.

ВЕНЕРА ЖҮСІПОВА, ҮЛЕСКЕР:
— Жазда бірінші кварталдан кейін үй тапсырылуға тиіс еді. Үйдің құжаттары дайын емес, дайын емес деген мәселемен үйімізді ала алмай жүрміз. Жолдың ортасында тұрған жоқ. Қалаға әдемі көрік беріп тұрған үйге неге, не үшін рұқсат бермейді.

СВЕТЛАНА ҚУАНЫШҚАЛИЕВА – ҮЛЕСКЕР:
— Мен осы үйді алуға өзімнің үйімді сатып, ақша салдым. Қолымда 87 жастағы шешем бар. Осы үйді қашаннан күтіп жүрміз.
Құрылысты жүргізуші компания нысан негізсіз салынды дегенге үзілді кесілді қарсы. «Өйткені бастапқыда құрылысқа рұқсат берілген», — дейді.

Иә, құрылыс барлық келісімге сай басталған. Алайда салалық министрліктің тексерісі нәтижесінде оған берілген эскиз-жоба заңсыз деп танылған. Сәулет және құрылыс бөлімі соған сәйкес жобаның күшін жойған.

АЛЬБИНА ЖӘРДЕМОВА, СҚҚБ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІ:
— Екі тұрғын үйдің арасында кем дегенде 6 метр арақашықтық болуға тиіс. Бұл жерде осы нұсқама орындалған жоқ. Сол себепті жобаның күші жойылды. Әрі қарай тұрғын үйдің ішінде көппәтерлі болғандықтан, пәтерлер сатылғаны туралы факт орын алды. Бұл жерде құрылыс салушының да белгілі бір кінәсі бар деп айтуға болады. Себебі ҚР заңнамасына сәйкес пәтерлерді сатпастан бұрын, тұрғын үй толықтай эксплуатацияға берілуге тиіс болатын.

Бұл үй енді толықтай бұзылуға тиіс. Сот шешімі сондай. Қазір осы даулы құрылысқа қатысты өзге де процестер жүріп жатыр.
———————————————