Гилёвтар әулеті металлургия саласында ғасырға жуық еңбек еткен

Металлургия саласында бір ғасырға жуық еңбек еткен әулет. Павлодарлық Гилёвтар әулетінің үш буыны да аймақтағы алюминий зауытында еңбек етіп келеді. Жақында бұл отбасы «Өңірдің үздік еңбек әулеті» атағына ие болды. Олардың кәсібіне деген құрметі жас мамандарға үлгі болып отыр.
Әулеттің ақсақалы Виктор Гилев еңбек жолын 1977 жылы аллюминий зауытында шикізат қоспасын тиеуші болып бастаған. Ешқашан қиындыққа мойыған емес. Бар күш-жігерін металлургия саласына арнады. Жауапкершілігі мен еңбекқорлығының арқасында абыройы артып, әріптестерінің құрметіне бөленді. Бүгінде әкежолын балалары мен немерелері жалғастырып келеді.

ЕВГЕНИЙ ГИЛЁВ, БАСҚАРУ ПУЛЬТІНІҢ ОПЕРАТОРЫ:
— Әсіресе жаз айларында зауыт ішінде ыстық. Үнемі құбыр жүйесінде жабдықтарды реттеп жүру қажет. Апатты жағдай болса, жедел әрекет ету керек. Мен де еңбек жолымды әкем сияқты осы өндіріс цехында шикізат қоспасын тиеуші болудан бастадым. Кейін ұнтақталған шикізатты жоғары температурада біріктіру бойынша басқару пультінің қызметіне ауыстым.

Әкесінің еңбек жолына қызығып өскен Евгенийдің зауыттағы еңбек өтілі ширек ғасырға жуықтайды. Мұнда пештердің ішіндегі температура бір мың градусқа дейін қызады. Қайнаған оттың ортасында күрделі химиялық процестердің дұрыс жүруіне ерекше мән береді. Евгений Гилевтің еңбек жолын туған қарындасы Екатерина Кравец те жалғастырды. Он сегіз жыл гидрометаллургия цехында еңбек етіп жүр. Алғашқыда бұл салаға қызықпағанымен, кейін әкесі мен анасының кеңесімен осы кәсіпті таңдаған.

ЕКАТЕРИНА КРАВЕЦ – ГИДРОМЕТАЛЛУРГИЯЛЫҚ ЦЕХТЫҢ АППАРАТ ОПЕРАТОРЫ:
— Мен мектепті 2004 жылы тәмамдадым. Есімде, бухгалтер немесе шаштараз мамандығына оқығым келді. Бірақ зауытта жұмыс істеймін деп ойламағанмын, уақыт өте келе отбасындағы еңбектің қадірін түсіндім. Өз өмірімді дәл осы кәсіпорынмен байланыстырғаныма еш өкінбеймін.

Гилевтар әулеті – қарапайым еңбектің қадірін терең ұғынған отбасы. Әулеттің үш буыны металлургия саласында жұмыс істеп, еліміздің өндіріс әлеуетін арттыруға өз үлесін қосып келеді. Еңбекке адалдық пен жауапкершілік – олардың басты өмірлік қағидасы.
———————————————