Криптовалютаға заңмен рұқсат берілмек

Энергетика секторын жаңғыртудың ұлттық жобасына цифрлық теңге қолданылуы мүмкін. Қазір бұл бастама Ұлттық банкпен бірлесіп пысықталып жатыр. Бұған дейін Үкімет басшысы министрлерге цифрлық теңгені қолданатын жоба санын ұлғайтуды тапсырған. Сөйтіп, Үкімет- бюджет шығындарын ашық қадағалап отырмақ. Цифрлық теңге мен криптовалюта нарығы қалай дамып жатыр?
Ұлттық банк цифрлық ақша шығарып жатыр. Ол – біздің теңгенің жаңа электронды түрі. Яғни қағаз ақша емес, телефон немесе банк қосымшасында сақталатын цифрлық ақша. Бірақ ол да кәдімгі теңгедей заңды төлем күшіне ие. Цифрлық теңге әзірге сынақтан өтіп жатыр. Егер бәрі сәтті болса, жақында бәріміз оны күнделікті өмірде пайдалана бастаймыз.

Цифрлық теңге платформасында қазір 7 қаржы ұйымы жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде ірі банктер, қазпошта және қазынашылық комитеті бар. Цифрлық теңге жол құрылысы, фермерлерді қолдау, салықтық әкімшілендіру және ұлттық қор қаражат есебінен инфрақұрылым тарту секілді жобаларда пайдаланыла бастады. Сарапшылар халық цифрлық теңгенің қызығын 2027 жылдан бастап толық көріп, түсінеді деп есептейді. Оған дейін цифрлық теңгенің не екенін бизнес біліп алуы керек.

Цифрлық теңгеден бөлек, тағы бір қаржылық цифрлық актив – криптовалютаға заңмен рұқсат берілмек. Тиісті заңнамалық өзгерістер Мәжілісте талқыланып жатыр. Әзірге валютаның бұл түрімен тек Астана халықаралық қаржы орталығы аумағында айналысуға болады. 27 компания криптовалютамен жұмыс істеуге лицензия алған. Олардың 170 мыңнан астам клиенті бар.

АЛТАЙ СЛӘМОВ, АХҚО БӨЛІМІНІҢ ДИРЕКТОРЫ М.А.:
— Қазіргі таңда қаржы орталығында физикалық айырбастау пунктері жоқ. Бұл жерде айта кететіндігі, қаржы орталығы өз тарапынан ережелер мен жаңағыдай бизнесті іске асыруға мүмкіншіліктер жасайды. Ал бизнесті ашу, ашпау бизнестің шешімі болғандықтан, біз біреуге лицензия ал деп айта алмаймыз. Өз тарапымыздан тек мүмкіндік көрсетеміз. Компаниялар ашатын болса, біз әрине осындай мүмкіндік қарастырамыз.

Цифрлық министрліктің жоспары бойынша цифрлық активтер нарығы жыл соңына дейін баршаға қолжетімді болады. Ең алдымен, провайдерлердің жұмысы жеңілдейді. Бұлар – криптовалютаны сақтау, айырбастау және сату қызметімен айналысатын компаниялар. Олардың барлығы міндетті түрде Астана халықаралық қаржы орталығында тіркелуі тиіс. Сондай-ақ онда ресми айырбастау пункттері де ашылады.
———————————————