Самара – Шымкент тас жолында болған жол апатынан зардап шеккен үш адам тікұшақпен Ақтөбеге жеткізілді. Оның екеуі ересек адам және біреуі – 16 жастағы жасөспірім. Ал тағы 3 адам Хромтаудағы ауруханада ем-домын жалғастыруда. «Олардың жағдайы қалыпты ауыр», — дейді дәрігерлер. Еске салсақ, қайғылы оқиға кеше таңертең Белқопа ауылы маңында болған. «DAF» жүк көлігі мен жолаушылар тасымалдаған «Газель» соқтығысып, 12 адам ажал құшқан. Екі жүргізуші де қаза тапты. Құрбандардың арасында екі отбасы бар: әке мен оның 3 жасар ұлы, сондай-ақ анасы мен 18 жастағы студент баласы. Сонымен қатар 9 жасар бала да көз жұмған. Қазір апат себебін тергеу үшін құрылған жедел Үкіметтік комиссия жұмыс істеп жатыр. Қайғылы жағдайға байланысты, Ақтөбеде 25 қазан Республика күніне жоспарланған концерт пен отшашу тоқтатылды.
ЕРЛАН СҰЛТАНГЕРЕЕВ, ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
— Екі науқастың жағдайы ауыр. Олардың қасында қаладан 2 бригада жібердік. Осы науқастар бойынша 24 сағат телемедицина ұйымдастырып, науқастардың жағдайын Денсаулық сақтау министрлігі және Шұғыл Ұлттық медицина орталығы мамандарымен келісудеміз.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.