Банктерге қайтадан 25 пайыздық мөлшерлемемен ипотека беруге рұқсат етілді. Қаржы нарығын реттеу агенттігі мен Ұлттық банк ипотека бойынша ең жоғары пайыздық мөлшерлемені төмендетуді 2026 жылдың 1 шілдесіне дейін шегерді. Бұған дейін қараша айынан бастап шекті мөлшерлеме 20 пайызға дейін түсуі тиіс болған. Реттеушілердің айтуынша, бұл нарықтың тоқтап қалмауы және ипотеканың халыққа қолжетімді болуы үшін қабылданған уақытша шара. Сонымен қатар, пайыздық мөлшерлемені есептеудің жаңа жүйесі әзірленіп жатыр. Ол жүйе несиенің сомасы тұрғын үйдің құнымен қаншалықты арақатынаста екеніне байланысты болмақ.
ОЛЖАС РАМАЗАНОВ, ҚАРЖЫ НАРЫҒЫН РЕТТЕУ АГЕНТТІГІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
— Ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін 25 пайыздан 20 пайызға дейін төмендету нормасын 2026 жылғы 1 шілдеге дейін тоқтата тұру жоспарлануда. Осыған сәйкес қаулы жобасы әзірленіп, норманы тоқтата тұру 1 қарашадан бастап күшіне енуі күтіледі. Бұл шара ипотекалық кредиттердің құнын реттеуде ағымдағы макроэкономикалық жағдайларды ескере отырып, теңгерімді тәсілді қамтамасыз ету, сондай-ақ халық үшін қарыз қаражатының қолжетімділігі мен банк секторының тұрақтылығы арасындағы тепе-теңдікті сақтау мақсатында қабылданды.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.