Солтүстік Қазақстан облысының диқандары республика күніне ташама тарту жасады. Олар егін орағын аяқтады. Жер емген шаруалар биыл ел қамбасына 6,5 миллион тонна астық құйды. Жауаптылардың айтуынша, соңғы 14 жылда аймақта мұндай мол өнім болмаған. Жалпы өңірде осы ауыл шаруашылығы саласында алға ілгерлеушілік бар.
Солтүстік Қазақстан – астығы аста-төк аймақ. Теріскейлік диқандар тың жерге түрен салып, дала төсінде ел ризығын жинаудан алдына жан салмай келеді. Қазір сайын далада сарғайып піскен сары алтын, қырдан қырманға жеткізілуде.
ЕЛТАЙ ЗІКІРИН – ШАРУА:
— Алқаптардың біріндегі түсім – 62 центнерден айналды. Мен 1985 жылдан бері осы саладамын. Мұндай рекордтық көрсеткіш бұрын соңды болған емес. Әрі ауа-райы да біздер үшін биыл қолайлы болды.
Шыбық ексең шынар шығатын аққайыңдар өлкесі – ел экономикасына қан жүгіртіп отырған облыстардың бірі. Биыл өңір бойынша астықтың орташа түсімі гектарынан 21,4 центнерден айналды.
Егіншілікпен қатар мал шаруашылығы да өркендеуде. Мәселен, соңғы бес жылда солтүстікке 14 мыңнан астам асыл тұқымды ірі қара әкелінген. 110 тауарлы-сүт фермасы бой көтерді. Ал оның 42-і заманауи. Осылайша өңір сүт өндірісі бойынша алдыңғы қатарға шықты. Ал бүгінде теріскейде Орталық Азиядағы ең ірі мал кешені салынып жатыр. Ол 8 мың басқа арналған. Жоба құны – 9 миллиард теңгеге жуықтайды. Оның өзгелерден ерекшелігі барлық процесс жасанды интеллект көмегімен бақыланады.
ГЕННАДИЙ ЗЕНЧЕНКО, ШАРУА:
— Кешенді небәрі 5-6 айдың ішінде іске қосамыз. Елімізде аз ғана уақытта мұндай нысан салынбаған. Жалпы мұны ауылдағы – қала құраушы кәсіпорын деп атауға толық негіз бар. Себебі жүздеген жергілікті тұрғын жыл он екі ай жұмыспен қамтылады.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл ауыл шаруашылығына жеңілдетілген несие беру үшін 1 триллион теңге бөлінді. Ал оның 160 миллиарды солтүстікқазақстандықтарға үлестірілді. Жан-жақты қолдаудың арқасында теріскей астықтың астанасына айналды.
ДӘУРЕН ТОҚҚОЖЫНОВ, АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
— 6,5 миллион тонна бидай орылды. Соңғы 14 жылда мұндай болмаған. Әрі 1 миллион тонна майлы дақыл жиналау жоспарда. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Президент 2028 жылға дейін осы ауыл шаруашылығы саласының өңірлік жалпы ішкі өнімін екі есеге ұлғайтуды тапсырды. Ал біз бұл міндетті биыл орындап жатырмыз.
Жарты жылда өңірде 135 миллиард теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі шығарылды. Салада қайта өңдеу кәсіпорындары да жаппай іске қосылуда. Мереке қарсаңында құрғақ саумал өндіретін автоматтандырылған ферма пайдалануға берілді. Бұл Қазақстандағы осындай екінші нысан. Ал дайын тауар елімздегі медициналық мекемелеріне жөнелтіледі.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.