«Қазақстанды күшті және дамыған озық ел ету тек өз қолымызда», — деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне арналған салтанатты жиында. Ұлттық мерекеміз – Республика күні қарсаңында адал еңбек етіп, еліміздің өркендеуіне атсалысып келе жатқан әрбір жанға шынайы алғысын білдірген Мемлекет басшысы Ақорда төрінде бір топ азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады. Олардың қатарында еңбек ардагерлері, жұмысшылар, өндіріс, бизнес, білім беру, ғылым, денсаулық сақтау салаларының өкілдері, әскерилер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен спортшылар және мәдениет, өнер қайраткерлері бар.
АЙЗАТ ТҰРҒЫНБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
— Ертең қазақстандықтар Тәуелсіздіктің белгісіне айналған Республика күнін атап өтеді. 1990 жылы 25 қазанда Жоғарғы Кеңестің қаулысымен мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданды. Құжатта ел егемендігі жарияланып, Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде танылды.Одан бөлек декларация аясында ел аумағының тұтастығы, оған қол сұғылмайтындығы, Қазақстан халқының төл мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету мен дамыту және ұлттық қадір-қасиетті нығайту секілді мемлекеттік қағидаттар бекітілді.
Тарихқа үңілсек, 2009 жылғы сәуірде мерекелер қатарынан мүлде алынып тасталғаннан кейін Мемлекет басшысының бастамасымен 2022 жылы Республика күнінің Ұлттық мәртебесі қайта қайтарылды. Осылайша, Республика күні кең көлемде аталып келеді. Айтулы мереке қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына елеулі үлес қосқан және белсенді қоғамдық қызмет атқарған бірқатар азаматты мемлекеттік наградамен марапаттады.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Еліміздің ең басты мерекесі – Республика күні құтты болсын! Ұлттық мейрам қарсаңында дәстүрге сай Ақорда төрінде мемлекетіміздің үздік азаматтарымен бірге жиналып отырмыз. Биыл еліміз азаттықтың мерейлі белесіне жетті. Осыдан 35 жыл бұрын Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданды. Дәл осы күні сан ғасырлық мемлекеттілік дәстүріміз қайта жаңғырды. Көп ұзамай жұртымыз Тәуелсіздік байрағын көтерді. Тарихи әділдік орнап, ұлттың рухы асқақтады. Сондықтан бұл күнді халқымыздың дербес ел болуына жол ашқан қастерлі күн деуге болады.
Президент қолынан өндірістік қызметтегі аса үздік еңбегі, агроөнеркәсіп кешенін және тау-кен өндіру саласын дамытуға қосқан айрықша үлесі үшін жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі – «Алтын жұлдыз» бен «Отан» орденін Солтүстік Қазақстан облысындағы «Мәмбетов және К» шаруашылығының механизаторы Мұрат Қаражұманов, Қарағанды облысындағы «Qarmet» АҚ «Шахтинская» шахтасы учаскесінің басшысы Сергей Чернобайға тапсырылды. Өнеркәсіп, көлік, құрылыс, ауыл шаруашылығы және басқа да өндірістік салалардың еңбеккерлері III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденінің кавалері атанды. Сондай-ақ, еліміздің рухани кемелденуіне және зияткерлік әлеуетінің дамуына елеулі үлес қосқаны үшін белгілі ғалымдарға, мәдениет қайраткерлеріне және өндіріс саласының өкілдеріне «Парасат» ордені берілді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Сонымен бірге келешекке үлкен үмітпен, зор сеніммен қараймыз, биік мақсаттарға ұмтыламыз. Осы жылдарда еліміздің бағындырған белестері аз емес. Біз жер жүзіне егемен мемлекет ретінде танылдық. Шекарамызды шегендеп, іргемізді бекітіп, қауіпсіздігімізді қамтамасыз еттік. Бірлігімізді бекемдеп, татулық пен тұрақтылықтың арқасында түрлі сынақтардан сүрінбей өттік. Бүгінде жаһан жұрты еліміздің өсіп-өркендеп келе жатқанына куә болып, өз құрметін көрсетуде.
«Биыл да қамбамыз астыққа толды, 20 миллион тоннадан астам бидай жиналды. Біз ұлттық экономиканы түбегейлі жаңғырту үшін әртараптандыруға баса мән беріп отырмыз. Әсіресе, көлік-тасымал саласын стратегиялық маңызды бағыт ретінде дамытып жатырмыз. Қазақстан Еуразияның басты логистика орталығы, яғни хабы болуы керек. Оған еліміздің әлеуеті жетеді, мүмкіндігіміз де мол», — деді Президент.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.