Қазақстанда маусымдық А тұмауының бірнеше жағдайы тіркелді. Оны басқаша «гонконг тұмауы» деп атайды. Санитар-дәрігерлер алдын алу шараларын күшейтіп жатыр, ал сала мамандары вакцина салдырып, иммунитетті күшейтуге кеңес береді. Елдегі жағдай мен қабылданып жатқан шаралар жайлы келесі материалда.
Эпидемиялық маусым басталғалы бері Қазақстанда А тұмауының зертханада расталған үш жағдайы тіркелді. Халық арасында ол «жаңа гонконг тұмауы» деген атпен белгілі. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті мамандары бұл вирустың жылдам тарайтынын айтады. Белгілері – жоғары температура, құрғақ жөтел, әлсіздік пен бас ауруы. Мұның бәрі тұмау жұқтырғаннан кейін 1-2 күн ішінде байқалуы мүмкін. Басты қорғаныс шараларының бірі – вакцина. Елде 2 миллионнан астам доза дәрі сатып алынған. Кез келген адам екпе ала алады.
АЙГҮЛ КАТРЕНОВА, ДСМ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:
— Халықтың ең осал топтарын қорғау мақсатында МӘМС аясында бірыңғай дистрибьютор арқылы 2 миллион 100 мың доза «Гриппо плюс» вакцинасы мемлекеттік бюджет есебінен сатып алынды. Тұмауға қарсы екпе динамикалық бақылауда тұрған балаларға, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандарға, қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға, сондай-ақ медицина қызметкерлеріне салынады.
Әйтсе де, елде жұқпалы респираторлы вирустық инфекция көрсеткіші төмендеген. Соңғы аптада 142,5 мың жағдай тіркелген, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 13%-ға аз. Дәрігерлердің айтуынша, гонконг тұмауы – жаңа вирус емес, маусымдық тұмаудың бұрыннан белгілі бір түрі. Дегенмен, ол халықтың әлсіз топтары үшін қауіпті саналады.
ӘСЕЛ БИТАЕВА, ҚАЛАЛЫҚ СЭС БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
— Қауіп тобына балалар, жүкті әйелдер және қант диабеті, жүрек-қан тамырлары, тыныс алу жолдарының аурулары бар адамдар кіреді. Мұндай кезде профилактика жүргізу өте маңызды.
Дұрыс тамақтану және салауатты өмір салты мамандарының айтуынша, екпе аурудан қорғайтын жалғыз амал емес. Адам өз денсаулығын күтіп, иммунитетін күшейтсе, соның өзі үлкен рөл атқарады.
ГАУХАР БАЙГЕЛОВА – НУТРИЦИОЛОГ:
— Біріншіден, ұйқы мен демалыс маңызды. Ұйқының жетіспеуі мен үнемі шаршап жүру иммунитетті әлсіретеді, ешқандай дәрумен мұны өтей алмайды. Екіншіден, дұрыс тамақтану маңызды. Ағзаға жеткілікті мөлшерде ақуыз түсуі керек. Үшіншіден, жылы әрі ылғалды орта қажет. Құрғақ ауа тыныс жолдарының шырышты қабатын құрғатып жібереді, ал ол суық тию мен вирустан қорғайтын алғашқы қалқан. Үйді жиі желдетіп, шөп шайын ішіп жүру иммунитетті күшейтуге көмектеседі.
А тұмауына қатысты жағдай қазір дәрігерлердің жіті бақылауында. Тіркелген жағдай көп емес, бірақ босаңсуға болмайды. Алдымыз қыс, суық күндер келе жатыр, демек эпидемиялық маусым әлі алда.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.