Алматы облысында ұлттық кәсіп – киіз үй жасау қайта жанданды

Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы Балтабай ауылының тұрғындары киіз үй өндірісін өркендетуде. Алматыдай ірі мегаполистің іргесінде орналасқан елді мекенде қазір бұл кәсіппен он шақты адам айналысады. Шеберлер ай сайын ұлттық нақыштағы 60 шақты киіз үйден жасап, 100-ден астам жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.
Балтабай ауылындағы киіз үй жасайтын шеберлердің ұстазы ретінде Өмірбек Сламжанның есімі аталады. Ол бүгінге дейін 10 шақты ауыл тұрғынын осы кәсіпке баулып, ұлттық өнердің қыр-сырын тегін үйреткен. Оның киіз үй өндіретін шеберханасында 25 адам жұмыс істейді.

ӨМІРБЕК СЛАМЖАН, КӘСІПКЕР:
— Алғашында жоқтан бар жасадық. Материал да жоқ, Қырғызстаннан тасыдық, қазір шикізаты Қазақстанда көбейді. 70% – отандық өнім, 30% – Қытайдың өнімі. Жылына 10 шәкірт үйреніп кетіп жатыр. Қайдан келсе де тегін үйретеміз.

Өмірбек Сламжаннан кәсіп үйренген азаматтардың бірі – Талғат Қанапия. Ол Еңбекшіқазақ ауданына 2012 жылы Қытай Халық Республикасынан көшіп келген. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша өткен жылы 3 млн теңге несие алып, шеберханасын кеңейтті. Қазір 13 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Кәсіпкер ай сайын 60 шақты киіз үй жасайды.

ТАЛҒАТ ҚАНАПИЯ, КӘСІПКЕР:
— Сұраныс негізінен 50-60 пайызы өзіміздің Алматы облысына кетеді. 30-40 пайызы басқа облыстарға барады. Саяхат орындарына кетеді. Екінші, шаруашылықтармен айналысатындар алады. Үшінші, өзіміздің ауыл тұрғындары.

НҰРБОЛАТ СЕРҒАЛИҰЛЫ, АУДАНДЫҚ КӘСІПКЕРЛІК БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
— «Ауыл аманаты» бағдарламасы 2023 жылдан басталды. Оның өзінде бізде Еңбекшіқазақ ауданы бойынша 277 жоба 2 млрд 25 миллионға қаржыландырылған болатын. 277 жобаның аясында ауданда 450 жұмыс орны құрылды.

«Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында биыл Алматы облысына 2,5 млрд теңге бөлінді. Ол қаржы негізінен тігін цехтары мен құс шаруашылықтарын ашуға және ұлттық сусынымыз қымыз бен шұбат өндірісін өркендетуге жұмсалған. Бір айта кетерлігі, қазақтың ұлттық киіз үйіне деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Оны бірі ауыл шаруашылығын, енді бірі туризмді дамыту мақсатында пайдаланады. Үйінің ауласына қонақ күту үшін тігетіндер де аз емес…
———————————————