Әскерде ел қорғап жүрген қыз-келіншек аз емес. Аягөз горнизонында қызмет ететін Қаламқас Дәулетова ата-анасының жолын қуған. Енді оның артынан ерген інілері де болашағын армиямен байланстырмақ.
Ерлермен иық тірестіріп, ел қауіпсіздігі жолында қызмет етіп жүрген қыз-келіншек саны артып келеді. Солардың бірі – Қаламқас Дәулетова. Әке жолын қуған қатардағы жауынгер. 3 жылдан бері әскер саласында қызмет етеді. Күн сайын жауынгерлік, физикалық дайындықпен айналысады. Мемлекеттік-құқықтық дайындық тағы бар. Бұдан бөлек, әскери құжаттарды әзірлеумен де айналысады.
Қаламқас үшін әскери қызмет — жай ғана жұмыс емес, өмір мектебі. Бұл жерде тәртіп, төзім мен жауапкершілік бәрінен жоғары. Қиындық мен бейімделу кезеңінен өткен жас жауынгер қазір өз орнын тапқан. Әкесінің тәрбиесі мен әскери тәртіп оның өмірлік ұстанымына айналған.
ҚАЛАМҚАС ДӘУЛЕТОВА, ҚАТАРДАҒЫ ЖАУЫНГЕР:
— Бірінші кезекте әркім өзі-өзін қорғай алуы керек. Мысалы, қандай да бір жағдай болып жатса, әскери қызметші бірінші кезекте өзі және өзінің жақындары үшін қорған бола алу керек. Ал ондай білім тек әскерде беріледі. Сол себепті әскерге бару – әр азаматтың борышы. Тіпті әйел адамдардың да.
Расында да, ерлермен қатар ел намысын ту етіп көтеріп, әскери салада жүрген әйелдердің бары қуантады.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.