Шымкентте Nazira Gold қаржы пирамадасын құрғандар сотталды

Шымкентте Nazira Gold қаржы пирамадасын құрғандар сотталды. Олар 16 млрд теңгені қалтасына басқан. Табысы еселенетініне сенген 4 мыңнан астам салымшы бар жиғанын осы жобаға салған. Ал басты айыпталушы түскен қаражатқа зәулім үйлер, пәтер мен қымбат көліктер алған. Қазір 16 миллиардтың тек 2 млрд теңгесі ғана тәркіленген. Пирамиданы құрған Назира Нұржан бүгін сот үкімімен 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал оған ақша жинауға, алтындарды сатумен айналысуға көмектескен жеті адамның әрқайсысы 5 жылға сотталды. Ал жобаны жарнамалап, адам тартумен айналысқан тағы бір әйелдің бас бостандығы 1 жыл мерзімге шектелді. Айта кетейік, қаржы пирамидасынының құрбандары жарнаманы әлеуметтік желі арқылы көрген. Алданғандардың ең үлкені 60 жастан асқан. Кейбірі 30 миллион теңгеден астам қаражатын бір-ақ күнде салған. Тіпті отбасымен қаржы құйған салымшылар да бар. Енді олардың қаржысы тек аукцион арқылы сатылатын мүлік есебінен қайтарылмақ.
МАДИЯР АБДРАСИЛОВ, СУДЬЯ:
— Nazira Gold жобасы шын мәнінде алтын саудасымен айналыспаған. Алтын саудасы осы жобаның қаржы пирамида екенін бүркемелеу мақсатында құрылған. Тәркіленген алтын бұйымдармен санаған кезде ары кетсе 2 млрд-қа жетер жетпес дүние-мүлік болады. Қаржы пирамидасының тағы белгісі деп отырғанымыз – 16 млрд теңгеден 2 млрд бар, қалған 14 млрд-тың ізі жоқ.
———————————————