Өскемендегі зауыттар ауа ластануын азайту үшін өндіріс көлемін қысқартты

Өскемендегі зауыттар ауа ластануын азайту үшін өндіріс көлемін қысқартты. Соңғы күндері жел соқпай, ауа ауыспағандықтан, қаланы қою түтін басып қалған. Тұрғындар бір аптадан бері улы түтін ортасында отыр. Экологтар күн сайын ауа құрамын тексергенімен нәтиже көңіл көншітпейді. Күкірт диоксиді мен күкіртті сутектің мөлшері рұқсат етілген шамадан екі есе көп. Ахуалды жақсарту мақсатында зауыттар әкімдікпен келісе отырып, өндірістік қуатты азайтты. Мәселен, Өскемен металлургия кешенінде өндіріс шамамен 20 пайызға төмендеді, ал қалалық жылу электр орталығында көмір өндіру көлемі азайды. Дегенмен тұрғындардың айтуынша, қалада әлі де ауа лас. Осыған байланысты экологиялық мониторинг тобы, оның ішінде қоғам белсенділері мен жергілікті билік өкілдері ірі зауыттардың жұмысын тексеріп жатыр.
ЕЛЕНА БЕРЕЗИНСКАЯ-АБИЛОВА, «ӨСКЕМЕН-ТЫНЫСЫ» БЮРОСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
— Ауаны ластаушы заттың көлемі азайтылды, экология департаменті қазір ауа сапасын бақылап отыр. Енді жылу электр орталығы тексеріліп жатыр. Сондай-ақ қолайсыз ауа райы кезінде екі құжаттың негізінде жұмыс істейді. Экологиялық ахуалға қатысты 20-дан астам тапсырма берілген.
———————————————