Отын-энергетика кешенін цифрландыру кемі 57 млрд теңгені үнемдейді

Елде орнатылатын 4 млн «ақылды есептегіш» 57 млрд теңгені үнемдейді. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Үкімет отырысында электр энергиясын есепке алудың зияткерлік жүйесі кеңейтілетінін айтты. Ал құбыр ішіндегі ақауды енді робот анықтайды.
Үкімет отырысында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов еліміздің отын-энергетика кешенін цифрландыру барысы туралы баяндады. Елімізде 237 электр стансасы бар болса, оның 79-ы дәстүрлі генерация көзі, қалғаны 158 жаңартылатын энергия көздерінен тұрады. Министрлік энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға, инфрақұрылымды жаңғыртуға және цифрлық шешімдерді енгізуге бағытталған шараларды тұрақты негізде қабылдап келе жатқанын айтты. Бұл жаңғыртулардан келер пайданы да есептеп қойған.

ЕРЛАН АҚКЕНЖЕНОВ, ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:
— Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғыртудың Ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде электр энергиясын есепке алудың зияткерлік жүйелерін қамту үлесін ұлғайту жоспарланып отыр.Осыған байланысты Ұлттық жоба шеңберінде электрмен жабдықтаудың 27 субъектісінде шамамен 4 миллион «ақылды» есепке алу аспаптарымен жарақтандыру жоспарлануда. Күтілетін экономикалық тиімділік электр энергиясын нормативтік шығындарын азайту есебінен 57 млрд теңгеге бағаланады.

Үкімет отырысында «KEGOC» АҚ энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қуат өндіру нысандарын пайдалануға берудегі жұмыстары да айтылды. 483 нысанда жөндеу жұмыстары аяқталып, дайындық құжатын алған.

НӘБИ АЙТЖАНОВ, «KEGOC» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:
— Қазіргі уақытта компания 2 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыруда. Біріншісі – Қазақстанның оңтүстікаймағының электр желісін нығайту. Ол жоба Солтүстік-Оңтүстік, Алматы, Жамбыл транзиттік өткізу қабілетін 440 мгВт арттырады. Жоба аясында ұзындығы 475 км болатын 500 квольт желілер салынады. Қазіргі таңда жоспар бойынша құрылыс монтаж жұмыстары жүргізілуде.

Ал екінші жоба – Батыс электр желісін Қазақстанның бірыңғай энергетикалық жүйесіне қосу. Жоба аясында ұзындығы 604 шақырым болатын 500 кваттық желі салына бастаған. Атырау мен Ақтөбе облысындағы электр қуатын арттыратын жоба 2027 жылы аяқталуға тиіс. Премьер-министр Олжас Бектенов бұл жоба еліміздің энергетикалық жүйесін ілгерілетуге және оның дербестігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретіндіктен, KEGOC компаниясына аталған жұмысты жедел әрі сапалы қамтамасыз ету керектігін қадап айтты.

АЙЗАТ ТҰРҒЫНБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
— Үкімет басшысы энергетика министрлігіне еліміздің энергетикалық қуатын арттырумен қатар алдағы жылыту маусымының тұрақты өтуін қамтамасыз етуді де тапсырды.Қаһарлы қыс қыр астында екенін ескерсек, алдағы маусымда көмір мазут мәселесінде де проблема болмайды. «Қысқа сақадай саймыз», — дейді министрліктегілер.

Ведомство басшыларының сөзіне сенсек, елде көмір тапшылығы жоқ. Көмірдің 5,6 миллион тоннасы, мазуттың 5 мың тоннасы бар. Үкімет отырысында Көкшетау, Семей мен Өскемендегі ЖЭО құрылысы жайлы да айтылды. «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов Көкшетаудағы жылу электр орталығының құрылысы бойынша жобалау, жабдықтау және құрылыс жұмыстарына қатысты шарттар жасалғанын, Семей мен Өскемен ЖЭО-лары бойынша энергетика министрлігімен инвестициялардың қайтарымын қамтамасыз ету мақсатында құрылыс жүргізуге келісімшарттар рәсімделгенін жеткізді.
———————————————