Финляндия Президенті Қазақстанға ресми сапармен келді

Жарты миллиард доллар. 20 жылдың ішінде Финляндия Қазақстан экономикасына осынша инвестиция құйған. Екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыс бұдан да биік сатыға көтерілуі әбден мүмкін. Фин елінің Президенті бастаған делегация бүгін біздің елге ат басын тіреді. Қазақ-фин кәсіпкерлері ертең бизнес-форумда бас қосып, бір-біріне не ұсына алатынын талқылайды.
Финляндия президенті мен оның делегациясын Ақорда әдеттегідей бар сән-салтанатымен қарсы алды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Стубб бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Мәртебелі мейманның сапарына орай салтанатты рәсім залында құрмет қарауылы сап түзеді. Президент оркестрі екі елдің мемлекеттік Әнұранын орындады.
Александр Стубб біздің елде бұған дейін екі рет болған. Президент ретінде бірінші рет келіп тұр. Онымен бірге Астанаға жиырмадан астам ірі компания басшылары ере келген. Олар энергетика, цифрландыру, жасыл экономика және жоғары технологиялар саласында бірлескен жобаларды талқылайды. Біздің Президенттің айтуынша, Финляндия – Қазақстанның Солтүстік Еуропа мен Еуропа Одағындағы басты сауда серіктесі. «Финляндияның таза энергетика, технология, цифрлық инновация, экологиялық жауапкершілік, басқару, білім беру және адам капиталы бағыттарындағы жоғары стандарттары әлемдік деңгейде мойындалған. Қазақстанға да үлгі», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Сіздің басшылығыңызбен Финляндия Еуропада, сондай-ақ әлемде сындарлы рөл атқарады. Мемлекеттік ұстанымыңыз бен құндылықтарға беріктігіңіз Финляндияны дүние жүзіне үлгілі ел ретінде танытып отыр. Біз мұны жоғары бағалаймыз. Қазақстан Финляндиямен достық қарым-қатынасқа баса мән береді. Бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға, ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын дамытуға әзірміз.

Фин бизнес өкілдерінің қазақстандық нарыққа деген қызығушылығы жыл өткен сайын артып жатыр. Биылғы сегіз айда екіжақты алыс-беріс 89 млн АҚШ долларынан асқан. Соның 84,4 млн АҚШ доллары импорттың үлесінде. Екі ел ауыл шаруашылығы техникалары, дәрі-дәрмек, жеңіл автокөлік, бағдарламалық қамтамасыз ету, экологиялық жабдықтар әкелуді үдеткен. Қазір Қазақстанда «Nokia», «Orion Pharma», «Tikkurila» сияқты фин капиталы бар 70 компания тіркелген. Мемлекет басшысы сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мол мүмкіндік бар деген пікірде. Қасым-Жомарт Тоқаев фин бизнесмендерін Орталық Азияның кең нарығына шығу үшін Қазақстанда шетел инвесторларына жасалатын қолайлы жағдайды пайдалануға шақырды. Александр Стубб та фин компаниялары Қазақстан нарығындағы қызметін кеңейтуге мүдделі екенін айтты. Суоми елінің өкілі өз сөзінде қазақ халқының қонақжайлығына ризашылығын білдіріп, «Астана» велокомандасымен өткен кездесуді де еске алды.

АЛЕКСАНДР СТУББ, ФИНЛЯНДИЯ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Бүгінгі кездесулерге дайындық барысында делегациядағы кәсіпкерлердің бірі «Қазақстандағы өзгерістің бәрі жедел жүріп жатқанын түсіну керек. Сондықтан баяу қимылдап, бюрократияға жол беруге болмайды» деді. Бұл дамудың даңғылына түскен елдеріміз үшін қуанарлық жағдай.

Тараптар өңірлік және халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері жөнінде де пікір алмасты. Келіссөз қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Стубб Бірлескен мәлімдеме қабылдады. Құжатта тараптардың ортақ ұстанымдары мен бүгінгі келіссөз барысында айтылған бастамалары көрініс тапты. Бұдан бөлек, 15 құжатқа қол қойылды.
———————————————