Абай облысындағы Мамырсу ауылында тұрғындар тағы да жол азабын тартып отыр. Аудан орталығына қатынайтын негізгі жолды мердігер компания қазып тастап, жөндеу жұмысын аяқсыз қалдырған. Бір айдан бері ауыл халқы батпақ пен шаңға батып, уәде етілген жаңа трассаны күтіп жүр.
Мамырсу ауылында үш мыңға жуық адам тұрады. Халықтың дені аудан орталығы Аягөзге қатынап жұмыс істейді. Тұрғындар республикалық трассаға қара жолмен шығып жүрген. Бірақ бір ай бұрын сол жаман жолдың өзін мердігер компания қазып, тас-талқанын шығарыпты.
Жобадан қате кеткені қарашаның наразылығын туғызды. Себебі жол әскери қалашық маңындағы ауыр техника жүретін аумаққа салынып жатыр. «Мамандардың аңғалдығынан халық қиналмау керек», — дейді көпшілік.
ТЫНЫШТЫҚ БАЙБОЛОВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
— Үш мың халық тұратын жолды салмай, мына жерде әскери қалашық бар. Соған бір емес, екі жол тартып жатыр. Біреуі өзінің қақпасына барады. Екінші жолдың тіпті керегі жоқ. Ол саябаққа барады. Әлгі танкі-манкі жүретін жолға. Ол жолды кейін танкі жүріп жоқ қылады.
Жергілікті билік өкілдері он күннің ішінде мәселені шешіп, ауыл тұрғындары күткен жолды салып береміз деп сендірді.
ЕРЛАН МОЛДАБАЕВ, АЯГӨЗ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Қателік болуы мүмкін. Өйткені ауылға кіреберіс жолмен күре жолдың қиылысында қателігі болуы мүмкін. Қазіргі күнде оның шаруасы шешілді. Мердігер компаниямен келісіп, үлкен мына кіреберіс жолды қосатын болдық.
Мамырсулықтар билік уәдесінің сөз жүзінде қалмауын қалайды. Себебі Аягөз ауданында жол мәселесі әлі күнге шешілмеген.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.