Астанада ерекше қажеттіліктері бар адамға арналған Шахмат Олимпиадасы мәресіне жетті

Астанада ерекше қажеттіліктері бар адамға арналған екінші Шахмат Олимпиадасы мәресіне жетті. Бір апта жалғасқан додада әлемнің 29 елінен келген спортшылар өзара мықтыны анықтады. Сонымен кімнің бағы жанды, бабы шапты?
Есту, көру және тірек-қимыл жүйесінде ақауы бар шахматшылар «төртке төрт» форматында ойнады. Жеңіс FIDE-1 командасына бұйырды, күміс Польшаның еншісінде, ал Израиль қоланы қанағат тұтты.

АНДРЕЙ ОБОДЧУК, FIDE-1 КОМАНДАСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
— Қарсыластар өте мықты болды. Біз Польша құрамасымен жарыс бойы үздіксіз бәсекелестік. Шынын айту керек, олар физикалық тұрғыда бізден әлдеқайда мықты еді. Құрамында арбамен қозғалатын немесе мүлде естімейтін, көрмейтін адам болған жоқ, тіпті бәрі сау адамдай әсер қалдырды. Сол себепті біз үшін тек бәсекелесу емес, жеңу өте маңызды болды. Нәтижеге қатты қуаныштымыз.

Дүбірлі додада Қазақстан намысын үш команда қорғады. Ешқайсысы осалдық танытпады. Лайықты өнер көрсетті. «Қазақстан-2» командасы үздіктен 15-тен көрінді. Айғаным Қамбарова есімді отандасымыз 6 партиядан 4 ұпай жинап, алтын медаль иегері атанды. Ал бірінші тақтада ойнаған Әлімжан Аяпов 7-орынға тұрақтады.

ДАНА РЕЙЗНИЕЦЕ, FIDE ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:
— Турнирді ұйымдастыру деңгейі өте жоғары. Іс-шара өте керемет болды, өзімізді үйдегідей сезіндік. Ойыншылардың көзінен қуаныш пен шабытты көрдік. Үздік ойындарын паш етті.

АКАКИ ЯШВИЛИ, FIDE-НІҢ АРНАЙЫ ЖОБАЛАР ЖӨНІНДЕГІ ДИРЕКТОРЫ:
— Шахмат олимпиадасы Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылды. Ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған турнир өткізу үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Сондықтан жақсы ұйымдастырылғанына қуаныштымын.

Бұған дейін Шахмат олимпиадасы Сербияның Белград қаласында өткен болатын. Ол кезде 26 команда қатысқан еді. Ендігі дода өзбек жерінде ұйымдастырылады.
———————————————