Петропавлда жер үйлер Есіл өзеніне құлап кетуі мүмкін. Әсіресе «Зайсан» ауданындағы баспаналар қисая бастаған. Себебі алып жардың шеті уақыт өткен сайын опырылып, тұрғындарға қауіп төндіруде. Сондықтан халық оны бетонмен нығайтып беруді талап етті.
Петропавл қаласының тұрғыны Галина Чернышова күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылған. Себебі Есіл өзеніне жақын орналасқан баспанасы құлаудың аз-ақ алдында тұр. Биыл үйдің іргетасы сыр беріп, шатыры қисайып қалған.
«Зайсан» шағын ауданында осындай бірнеше үй бар. Қатты жауынмен тасқын салдарынан өзен жағасындағы жар бірте-бірте опырылып, баспаналарға жақындаған. Салдарынан халық қазір үрей құшағында отыр. Тұрғындар билік тарапынан көмек болмаған соң, жарды өздері нығайтып көрген. Алайда одан нәтиже жоқ.
ГАЛИНА ЧЕРНЫШОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Бармаған жерім, баспаған тауым қалмады. Ешкім бұл мәселеге көңіл аудармайды. Қазір не істерімізді білмейміз. Біздің қолдан ештеңе келмей тұр. Ал сұрақты тез арада шешу қажет. Өйткені ертең бәрі кеш болып қалуы мүмкін. Ал әкімдіктегілерден тек қаржы жоқ деген бір ғана жауап естіп келеміз.
Галина секілді жергілікті биліктен көмек сұрап жүргендер аз емес. Әкімдік өкілдері проблемадан құлағдар. Сондықтан арнайы комиссия құрып, баспаналарға сараптама тағайындалмақ.
БЕРДІМҰРАТ БАЙМҰҚАНОВ, ТКШ БӨЛІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
— Қала әкімінің тапсырмасына сай құрылыс бөлімі нысанға техникалық тексеріс жүргізу жұмыстарын атқаруда. Яғни үйдің құқықтық құжаттары алынды. Және құны бойынша коммерциялық ұсыныстар дайындалуда. Оған қаражат қарастырылған. 10 жұмыс күні ішінде конкурс жариялау жоспарланған.
Жалпы күрмеуді тарқату үшін жардың жиегін бетонмен нығайту керек. Бұл қыруар қаржыны талап ететін жұмыс. Ал бюджетте оған ақша қарастырылмаған.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.