Орал қаласында заңсыз салынған бірнеше қабатты 4 үй бұзылады. Құрылыс нысандарының заңдылығына жүргізілген тексеріске сәйкес сот осындай шешім шығарған. Тіпті сүрілетін нысанның кейбіріне үлескерлердің қаражаты да тартылған. «Бұл заңға қайшы», — дейді мамандар.
Өңірде құрылыс қарқын алған. Әсіресе Орал мен Ақсай қалаларында. Бүгінгі күні 69 көп қабатты ғимарат салынып жатыр. Алайда құрылысты жүргізуші компаниялардың тек біреуіне ғана үлескерлердің қаражатын тартуға рұқсат берілген. Осы рұқсаттары болмаған кейбір құрылысты жүргізушілер бұқараның жиған-тергенін әлі бітпеген нысанға салып жіберген.
МАҒЖАН МҰРАТОВ, МСҚБ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
— Себебі заң нормаларына сәйкес аз қабатты тұрғын үйлерге үлескерлерді тарту рұқсаты берілмейді. Ол заң нормасымен қарастырылған және рәсімдеу барысында құрылыс салушы тараптан осы заң нормасын жетік білмеуінен және тағы басқа факторлар бойынша ресми құжатты рәсімдемей үлескерлердің қаражатын тарту фактілері анықталып отыр.
АҚБОЛАТ МҰСТАЖАПҰЛЫ, ТІЛШІ:
— Сот шешімімен бұзылады деп танылған төрт үйдің бірі Досмұхамбетов көшесі 33 мекенжайында орналасқан. Сырт қараған көзге бәрі де оймақтай. Қымбат қызыл кірпіштен қаланған, есік-терезелері де заманауи жабдықталған. Алайда құрылыс тоқтатылды, қақпасы кілттеулі.
Баспаналы боламыз дегендер енді қайтпек? Олардың арасында үйлерін сатып жібергендер де бар. Біреулері пәтер жағалап жүр. Аламыз деп армандаған үйлері сот шешімі бойынша бұзылмақ. Сан соғып қалғандар қаражатын қандай жолмен, қалай қайтарады?
МАҒЖАН МҰРАТОВ, МСҚБ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
— Үлескер өз тарапынан құрылыс салушының атына қайтару жөнінде сотқа талап-арыз жолдауы керек.
Құрылысты бастау үшін барлық талап сақталып, нысанды салушының қолында сараптама қорытындысы болуы шарт. Келісімшартсыз салынған құрылыстар заңсыз болып саналады. Еш негізсіз, құжатсыз басталып, қаланған, шатыры жабылған бірнеше қабатты төрт үй бұзылмақ. Алынбаған пәтердің иелері, аяқталмаған нысанды салушылар арасындағы дау-дамай енді сот арқылы шешіледі.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.