Қайтарылған активтерді сату нәтижесінде 51 млрд теңге мемлекеттік қорға аударылды

Базар, қонақ үй, сауда орталықтары. Заңсыз активтерді қайтару науқаны басталғалы елімізде 51 миллиард теңгенің мүлігі сатылған. Ақша арнайы мемлекеттік қорға аударылды. Қайтарылған активтер қалай сатылады? Сатылмай қалған мүлік қайда кетеді?
Қайтарылған активтерді басқару компаниясы құрылғалы бері 163 мүлікті аукционға шығарып, сатқан. Бұдан қазынаға 51,1 млрд теңге пайда түсті. Сатылған мүліктің ішінде не бар? Жылжымайтын мүлік, қымбат көлік, зергерлік бұйымдар, сағаттар, коллекциялық монеталар, шетелдегі пәтерлер мен үйлер.

ҚУАНЫШБЕК МҰҚАШ, ҚАБ КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:
— Шетелдегі мүліктер шет елдегі заңдар арқылы сатылады. Түркия еліндегі, Дубай қаласындағы жылжымайтын мүліктерді саттық. Оны сол жақтағы риелторлық агенттіктер арқылы сатамыз, ең басты мақсатымыз – бағаланған құнына сатып, ақшаны Қазақстанға әкелу.

Сөйтіп, Түркиядағы бір пәтер мен екі үйді, Дубайдағы бір мүлікті сатқаннан Қазақстанға 25 млрд теңге түсті. Қазір мамандар Франциядағы бір үйді сатуға дайындап жатыр. Компания активтерді басқарумен де айналысады. Астанадағы «Думан» қонақ үйін балансына алғаннан кейін, ғимаратты жөндеп, содан кейін Отбасы банкке сатқан. Құны айтылмайды. Ғаламтордағы деректер бойынша, нысан шамамен 14 млрд теңгеге сатылған. Бірақ ол енді қонақ үй емес. Жақында бұл жерге «Бәйтерек» холдингі мен оның барлық еншілес компаниясы көшіп келеді. Активтерді басқару компаниясы мемлекет меншігіне қайтарылған базарлар мен сауда орталықтарын да осындай әдіспен сатпақ ниетте.

ҚУАНЫШБЕК МҰҚАШ, ҚАБ КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:
— Алматы қаласындағы Байсат деген базарды алатын болсақ, оның әрбір бөлшегін жылжымайтын мүлік ретінде санайтын болсақ, оның бағаланған құны 24-25 млрд теңге болатын. Сондықтан, біз оны бизнес ретінде бағалап, бизнес ретінде саудаға шығарып жатырмыз. Қазіргі бағаланған құны 28,6 млрд теңге болып тұр.

Сатылмаған мүлік те бар. Мысалы, Алматыда 24 мың гектар жер учаскесі аукционға шығарылмай-ақ, бірден мемлекет меншігіне берілген. Бұл жер ауыл шаруашылығына және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін керек. Бұдан бөлек, мәдени маңызы бар бұйымдар – араб жазуымен өрнектелген сақина, 15 көне тиын, 8 археологиялық артефакт ұлттық музейге берілді. Бұлар да – қайтарылған актив.
———————————————