Әлемнің бірқатар елін табиғат апаты әбігерге салып жатыр. Ямайкада дүлей дауыл соқса, Түркияда тағы жер сілкінді.
Ямайкада «Мелисса» дауылы кезінде 500 мың тұрғын жарықсыз қалды. Аралдық мемлекеттің инфрақұрылымына айтарлықтай зақым келген. Дүлей дауыл кезінде жел сағатына 295 шақырым жылдамдықпен соққан. Нөсер жауын жауды. Кейін тасқын жүрді. Табиғи апаттан 3 адам қаза тапқаны белгілі. Ямайка билігі халықаралық қауымдастықтан дауыл салдарымен күреске көмек сұрады. Күші 5-санаттағы «Мелисса» – ел тарихындағы ең сұрапыл дауыл. Қазір Кубаға қарай ойысып барады.
Түркияда жойқын жер сілкінісі тіркелді. Қуаты 6,1 баллға жеткен жерасты дүмпулері батыстағы Балыкесір провинциясында шамамен алты шақырым тереңдікте болған. Зілзала Ыстамбұл, Измир және өзге де қала тұрғындарына сезілген. Алдын ала мәлімет бойынша, бірнеше ғимарат қираған, жарық пен су беру жүйесі істен шыққан. 20-ға жуық тұрғын зардап шеккен. Оқиға орнында төтенше қызмет өкілдері жұмыс істеп жатыр.
Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында есірткі бандасына қарсы ауқымды операция жаппай атыспен аяқталды. Соның салдарынан 64 азамат қаза тапты. Төртеуі полиция қызметкері. 80-нен аса адам ұсталды. Қолда бар мәлімет бойынша тәртіп сақшылары банда әрекет ететін аудандарға кіргенде атыс басталған. Қылмыстық топ мүшелері полицейлерге оқ атып, түрлі тосқауыл жасаған. Тіпті дронмен жарылғыш заттар тастапты. Билік өкілдерінің айтуынша, бұл – Бразилия тарихындағы ең ірі операция. Оған шамамен 2,5 мың құқық қорғау органы қызметкері жұмылдырылған.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.